13Желтоқсан2017

Download Template for Joomla Full premium theme.

Deutschland online bookmaker http://artbetting.de/bet365/ 100% Bonus.

Online bookmaker bet365

08 Там

Композитор Өмірбек Байділдаевтың туғанына 80 жыл

Биыл композитор Өмірбек Байділдаевтың туғанына 80 жыл толды.

Музыка әлеміне іңкәрлік сезіммен келіп, бар ғұмырын қиын да қызық өнер жолына арнау қажырлылық пен үлкен ізденістен туады. Ал адами қасиет  өнер иесінің тектілігіне, қанмен келген рухани тәрбиесіне де байланысты болса керек.

            Әңгімеміздің арқауы болып отырған өнер иесі  композитор Өмірбек Байділдаев. Ол Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты «Күнбатыс» аулының түлегі.

            «Алып анадан туады» демекші, Өмірбектің   алғаш ән-күйге құштар болуы әжесі Тойтыштан бастау алса керек. Олай дейтініміз, өз жанынан ән шығарып, жыр төгіп отыратын  суырыпсалма ақындық  өнері бар әжесі немересіне қисса-дастандарды  айтуға әсте жалықпайтын.

            Ұл балаға әкеге қарап өседі. Әкесі Байділда да қоңыр домбыраны жанына серік еткен, өнер десе ішкен асын жерге қоятын  ақеділ азамат еді. Дарынды жастың бойындағы өміршең қасиеті Қасық орта мектебінде  шыңдалған.

Бірде  Шу  қаласында өтетін мектепаралық байқауға қатысады. Алғашқы талпыныс  өнер иесінің жолының ашылып, келешек тағдырын айқындаған жұлдызды белесінің бірі болды. Осы байқауға төрағалық еткен  белгілі композитор Ахмет Жұбанов  екен. Ахаң концерт соңында Өмірбекті қасына шақырып алып консерваторияға келуін өтінді. «Бітер істің басына-жақсы келсін қасына» демекші, Өмірбектің де көптен  күткен үкілі үміті ақталғандай болды. Өнерге шөлдеген жас 1949 жылы Алматыға келіп Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға қабылданады. Студент бола жүріп халық аспаптар факультетіндегі таңдаулылардың қатарында Құрманғазы атындағы оркестр құрамында Мәскеу жұртшылығына өнер көрсетеді. Бұл Мәскеуде өткен 1951 жылғы Қазақстанның онкүндігі болатын. Осы жолы  өнер иелерімен қоса бірнеше көркемөнерпаздар ұжымы да қатысты. Сол жолы Өмекең өзінің болашақ жары Кәмила апаймен танысады.

            Өмірбек білімін шыңдай жүріп баспасөз бетіне музыка әлемі жайлы құнды мақалалар жаза бастады. Әрі Әміре Қашаубаев атындағы мектепте оқушыларға домбырадан дәріс береді. Осы арада ағалар қамқорлығын да айта кеткеніміз абзал. Халқымызға белгілі композитор Сыдық Мұхамеджанов пен Әблахат Еспаев жас  дарынның қабілетін байқап,

1954 жылы Қазақ радиосының музыка редакциясына қызметке шақырады. Ағалар қамқорлығы Өмірбектің жаңа қырынан танылуына, шығармашылық ізденісін жалғастыруға өзіндік септігін тигізді.

             Композитор Өмірбек Байділаевтың  жұбайы  Кәмила апайымыз өткен күнді сағынышпен былайша еске алады:

Кәмила:  «Радиода жүргенде ең алғашқы әні «Алтын дән» шықты. Бұл әннің өлеңін жазған Мыңбай Рашев. Сол жылы  еліміз миллиард пұт астық алды.Сол кезде Өмекеңе шабыт пайда болды білем, осы әнді шығарды.

             Жаңа отау тіккен кезіміз. Үйде қазіргідей үстел де жоқ, чемоданымыз бар. Ол соның үстінде  шығарған әндерін нотаға түсіретін. Бір қолында домбыра.  Содан кейін әндері  айтыла бастады. «Туған ел» әнін шығарды. Ол әнді ағайында Абдуллиндер орындады «Қазақстан салтанаты» әнін шығарды. Оны Ермек Серкебаев, «Еркешім» әнін Роза Бағланова айтты. Көп әндерін Суат Әбусейітов, Ескендір Хасанғалиев, Зейнеп Қойшыбаева, Люция Төлешева орындады. Ол кезде олар радионың солисі болатын. Қысқасы Өмекеңнің әндері сиясы кеппей айтылып жатты..

        Композитордың «Туған ел» әні автордың шоқтығы биік туындыларының бірі. Орыс жазушысы Тургеневтің «Отансыз бақыт жоқ.Кім-кімнің де тамыр жаяр  топырағы - туған жері» деген қанатты сөзінің жаны бар. Ұрпағымыздың туған ел мен жерге деген сүйіспеншілігін ояту әр өнер иесінің парызы.  Композитордың «Туған ел» әнін тыңдағанда қазақтың кең өлкесін, Жетісудың Алатауын, Сарыарқаның сары даласын, Көкшенің сұлу табиғатын көз алдыңа елестетесің. Туған жерге деген ыстық сезімің мен махаббатың оянады» деп ертеректе студенттердің кездесу кешінде бір тыңдарман өз ойын қағазға түсіріп   композиторға жеткізіпті.

            Хабарға дайындық барысында мен Өмірбек ағаның қолжазбаларын қарап отырып, мынандай құнды ой-толғамды тауып алдым.Онда былай делінген:

            «Әннің туу жайлы, музыка ғаламатында жаңа шығарма шығуы кейде қызықты ғой. Өз басым ән жазу жайында  ысқырып жүріп  өз ойымды айтам.  /Бұл жерде әуенін жеткізем деп түсіну керек./ Әрине, мазмұны, ырғағы келісілгеннен кейін ойдағы шығарма туу қажет соны ойлаймын.Қызғана қарап қызықтай түсетін «жеке бір туындылар болатыны айқын. Соның бірі өз басымда.  «Туған ел»  мен «Қимаймын сен басқаға» әндері сәтті туған туындылар деп есептеймін.

            Ән жазу үшін музыкадан хабары болуы керек. Ән шығару бабадан балаға ұласқан, ертеден келе жатқан дәстүр. Ол ерек өнерпаз, халық саңлақтарына біткен бақыт. Табиғи дарындар суырып салма ақын, қиыннан қиыстыратын композиторлар Ақан, Біржан, Естай, Кенекеңдер... Бұлар табиғи дарын иелері. Тарихымызда замана бұлбұлдары болып қалған саңлақтар... - дейді өзінің қолжазбаларында Өмекең.

            Өмірбек Қазақ радиосында еңбек ете жүріп өзінің шығармашылық  қабілетін шыңдады. Қарапайым редакторлықтан музыка редакциясының жауапты хатшысы, аға редактор қызметтерін атқарды.

            Ол 1964-1966 жылдары Қазақстан радиохабарларын тарату және теледидар жөніндегі мемлекеттік комитетінің музыка  редакциясының Бас  редакторы және көркемдік  жетекшісі ретінде қазақ өнеріне көп еңбек сіңірді. Осы арада ән өлеңдерін жазуда алдына жан салмайтын  халық жазушысы-Мұзафар Әлімбаевтың Өмірбек  жайындағы ойын ортаға салсақ:

Мұзафар Әлімбаев:  «Өмірбек Байділдаевпен сырлас дос болдық. Мен оны 1958 жылдан бері білемін. Өмекеңмен ақын Әнуарбек Дүйсенбиев таныстырған. Ол кезде  қазақ радиосында қызмет ететін. Он бір- он екі жыл көркемдік кеңесте болдық. Ол жылдарда таудай қайраткерлер Ахмет Жұбанов, Құдыс Қожамияров,  Әблахат Еспаев,  Бекен Жамақаевтардың шығармаларын тыңдайтынбыз. Өзі жайдары да сыпайы Өмірбек өнер мәселесіне келгенде қатал еді. Қазір шала піскен әндердің әуе толқынынан беріліп жатқанын естігенде қиналасың. Өмірбектің  «Қимаймын сені басқа», «Туған ел» әндері  арқылы халқына танылды, өз тыңдаушысын тапты. Өмірбек екеуміз оншақты әнді өмірге әкелдік.. Мәселен, «Студенттер вальсі», «Сенің терезең», «Қара қыз» және т.б. әндер. Халық композиторларының мұраларын зерттеуде Өмірбектің еңбегін ерекше атау абзал. Мәселен,  ұлы күйші Әбікен Хасенов төсек тартып жатқанда сол кісінің үйіне барып репертуарындағы барлық күйін үнтаспаға түгелдей  жазып алғаны қандай азаматтық. Әрі тыңдарман үшін қандай ғанибет! Өмірбек Байділдаев еңбегі тірісінде бағаланбады. Қашан көрсең де көнтерілігінен танбай,  жанары жайнаң қағып тұратын Өмірбек бейнесі әлі көз алдымда. Қайтыс болардан бір күн бұрын Ғазиза Жұбанова жайлы мақаласын «Егеменді Қазақстан» газетіне өз аяғымен апарып бергені  адамгершілік емей немене?

            Әркімнің жақсылығы-өзіне жасаған ескерткіші екен ғой. Мен Өмірбекті осылайша еске алам»....

       Өмірбек Байділдаев  классикалық және халықтық музыка мәдениетінің бірден-бір белсенді насихатшысы.Ол радио-теледидар арқылы музыка хабарларын ұйымдастырып, музыка мәдениетінің тарихы мен теориясына қатысты сан түрлі жетістіктерін халыққа таныстырды. Әсіресе, Мұқан Төлебаев, Кенен Әзірбаев, Манарбек Ержанов, Ғазиза Жұбанова, Ермек Серкебаев , Роза Бағланова, Байғали Досымжанов, Ришад және Мүсілім Абдуллиндер жайлы жазылған хабарлары құндылығымен ерекше.Әсіресе, «Ғасырлар бұлбұлдары» кітабы бойынша және Қосыбаевтың «Әнші Мұхит» повесі бойынша жасаған радиоинсценировкасы Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Сол сияқты ағайынды халық әртістері  Ришад пен Мүсілім Абдуллиндер, композитор Әблахат Еспаев, Мұқан Төлебаев, Жамбыл бабамыз жайлы жазылған әдеби-музыкалық хабарлары  күні бүгінге дейін әуе толқынынан насихатталып тұрады.

            Қазақта «сегіз қырлы бір сырлы» деген сөз бар. Бұл жігіт сан қырлы өнерді меңгерсе, содан нәтиже шығарып, көпшілікті тамсандыра білген кезде айтылатын қанатты сөз.

     Міне, өздеріңіз байқап отырғаныңыздай, композитор Өмірбек Байділдаев  өнер насихатшысы, өнер зерттеушісі.

            Өнер жайлы қасиетті жолдың қыр-сырын жете білген адам ғана жеріне жеткізе айта алады. Музыкалық білім бергені, ағарту хабарларын шебер ұйымдастыра білгені үшін Өмірбек Байділдаев әлденеше рет  Республикалық радиохабарлары мен теледидары мемлекеттік комитетінің грамоталарына ие  болды.

            «Халық қазынасы», «Халық композиторлары», «Классикалық музыканың әуесқойларына», «Әнші азамат» атты Әміре Қашаубаевтың өнері жайлы әзірлеген хабарлары үшін комитеттің  бірінші дәрежелі дипломына және «Құрмет» грамотасына ие болды. Өмірбек музыка зрттеушісі ретінде жұрт алдына жиі шығатын. Ол орыс, шетел классиктері және осы заманғы композиторлардың шығармалары жайлы баспасөз бетінде көптеген мақалаларын шығарды, зерттеу жұмыстарын жария етті.

            Өз кезінде  кең таралған әндердің бірі сазды да ойнақы орындалатын «Сұлу екен Алматының қыздары әні» тыңдаушысын бірден баурап алып, жүрегіне жол тапқаны аға буынға мәлім.

              «Музыканы сүюші әрі білімпаз болып адам тумайды, оған дағдыланады. Музыканы сүю үшін бәрінен бұрын оны тыңдау қажет. Музыка -ұлы өнер, сүйіңдер де үйреніңдер. Ол биік сезімталдықтың әлемдік есігін ашады. Ол сіздің ой-өрісіңізді кеңейтіп, адалдыққа, шындыққа баулиды. Музыканың осындай қасиеті арқылы өзіңіз де ерлік иесі боласыз. Сіз өмірден жаңалық әдемілігін айқын көресіз» - деп, Дмитрий Шостакович айтқандай, өнерге ғашық адамның жаны кіршіксіз таза, сұлу болуы керек. Сол кезде бұлақтай мөлдір, саф ауадай таза дүниелер өмірге келеді. Осы орайда Өмірбектің әріптес досы, белгілі композитор Дүнгенбай Ботбаевқа сөз кезегін берсек:

Ботбаев:  «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дейді қазақ. Өмірбектің туған аулы - Қордай. Сұлутөр деген жайлауда талаай-талай халық ішінен шыққан өнер саңлақтары  өнер көрсеткен. Ақан сері,Біржан сал,Үкілі Ыбырайды біз

жақсы білеміз. Ал Жетісу өңірінде Дәурен сал, Тәкен сал, Бердібек сал сынды серілер өткен. Осындай ортада Өмірбек дүниеге келеді.

            Өмірбек консерваторияда оқып жүргенде Хабидолла Тастановтан, кейін  Рүстембек Омаровтан дәріс алды. Өмірбектің табиғи еркешелігі- кімде-кім Өмірбекті білетін болса тек жақсы қырынан ғана әңгімелейді. Жаны сұлу,  ұрыс-керісті білмейтін кеңпейіл адам болатын.

            Біз радиоға жиі жиналушы едік. Қазақтың майталман әншілері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Ғарифолла Құрманғалиев, ақын-жазушылар, әншілер, жыршылар бас қосатынбыз.

            Біз Әнуарбек Байжанбаевты қатты сыйлаушы едік. Өнер иелері осы жерде өз өнерлерін таныта білді. Біз Өмірбекті ғалым ретінде білеміз. Адамның ішкі жан-дүниесінің байлығы, дүние танымы, қабылдау, оны өздігінен жалғастырып ету алланың берген ерекше қасиеті.

             Мысалы, Огинскийдің «Полонезін» білеміз. Композитор бір-ақ әнмен халыққа белгілі бола алады. Біздің Байділдаевтың алпыс үлкендерге, сексенге жуық жастарға арналған әндері бар. Ол тек «Туған ел» әнімен қазақтың көгінде қалықтап тұр.

            Бір жолы жиналып, Мәскеуде сьезге қатыстық. Сонда бәріміз Өмірбек жатқан бөлмеде жиналып әңгімеге қарық болған едік. Оның әзілдері қандай еді!...

            «Жақсы адамның қасында өмір менен рахат бар, жаман адамның қасында қарғыс пенен лағынет бар»  дейді халқымыз.  Өмірбектің өнері мен адамгершілігі,  маңайындағы  адамдарға  шапағаты ерекше еді ғой.»....

             Орыс жазушысы Лев Толстой «музыкада жаттық жоқ, ол жер бетіндегі тіршілік етіп жатқан көп ұлтты халықтарымызды бір-бірімен табыстырып, достастыратын күш» деген. Шындығында да ән қай тілде орындалмасын,  әсерлі болса жүрекке тез жетеді ғой. Ол  -  өнер құдіреті.

             Өмірбек 1958 жылы өнер сапарымен Грузия жеріне барады. Сол жолы грузия халқының қонақжайлылығына, Кавказдың сұлу табиғатына таңқалады. Өздерімен бірге жүрген  сол елдің қызы Назикоға арналған әзіл ән өмірге келеді. Әннің сөзін Әнуарбек Дүйсенбиев жазады. Бұл әнді  студенттердің хор ұжымы өз кезінде үлкен сахналарда орындады.

            Осы арада Өмірбек ағамыздың көзі тірісінде айтқан бір әңгімесінен  үзінді келтіргенді жөн көріп отырмын. Ол кісі өзінің ақындармен шығармашылық байланысы жөнінде былай деген екен:

Байділдаев:  «Менің ән шығаруыма  көптеген ақын достарым көмектесті. Бірге жазыстық. Олардың ішінде «Қимаймын сені басқаға», «Назико» әндерінің өлеңін жазған Әнуарбек Дүйсенбиев. «Алматым-астанам», «Жаңа жыл кешінде» әндерінің өлеңдерін жазған Қабдыкәрім Ыдырысов. «Ауыл кеші көңілді», «Қыз бен жігіт «Сүйікті Қазақстаным» әндерінің өлеңдерін жазған Жақан Смақов, «Жеңеше» әнінің авторы  Жұбан Молдағалиев, «Айнагүл» әнінің авторы  Оспанхан Әубәкіровтің есімін ерекше атау жөн. Біздің достығымыз ән арқылы жалғасын тауып еді.Әттең өмірдің қысқалығы ғой. Осы достарымның көбі бүгінде бұл дүниеде жоқ. Әндері айтылып, өлеңі жатталып келеді» деген...

        Міне, Өмірбек Байділдаевтың көзі тірісінде жазылып алынған үнтаспа осылайша сыр шертеді.

            1966 жылы Өмірбек Байділдаев ұстаздыққа бет бұрды. Ол Қазақтың Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетінде аға оқытушы болып  қызмет етеді. Ол қазақтың музыкалық фольклорын, музыкалық-тарихи пәндерін, әлемдік музыка әдебиетін терең зерттеп, шәкірттерін білім нәрімен сусындатты.

            1971 жылы музыка теориясы және  тарихы кафедрасының доценті деген ғылыми атаққа  ие болды. Осындағы  әдістемелік кеңестің мүшесі, музыкадан оқу бағдарламасын жасудың, ән мен музыка оқу құралдарын жазудң белсенді  авторы болып он шақты кітабы жарық көрді. 356 ғылыми-зерттеу мақалаларының,  155-тей әннің авторы.

            Мектеп оқушыларына, ән-күй сабағының оқулықтарын шығарды.

            Өмірбек Алматыдағы «Грамстудияда» да қызмет етті. Сол жерде жүргенде 1967 жылы Монреальдағы дүниежүзілік көрмеге арнап  Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан «Қазақстан музыкасы» атты шолу концертін қазақ, орыс және  ағылшын тілінде күйтабаққа түсірді. Сонымен қатар «Қазақтың аспаптық музыкасы» атты дәріс концерті де күйтабаққа түсірілді. Өмірбектің тағы бір ерекшелігі - ол Қазақ теледидары арқылы «Профессор До-ре-ми-дің  әңгімелері», «Музыка әлемінде» атты музыкалық білім беру циклын ұйымдастырды. Композитор жас ұрпақты музыкаға тәрбелеу жолында көп еңбек сіңірді. Ол балаларға арнап «Біздің ауыл балалары», «Сырғанақ», «Бақшаға келемін», «Әй, әй, ата»,  «Құрсау-құрсау», «Балақан да алақан» және т.б әндер жазды. Музыка зерттеушісі ретінде мектеп және жоғарғы оқу орындарына арнап оқулықтар шығарды.

            Өмірбек өзінің саналы ғұмырында ерекше балажан болған. «Есіктен үйге кіргенде балалары жүгіріп шығып әкелерінің мойнына оралатын. Бала десе жүрегі елжіреп, қатты еркелетуші еді - дейді еске алып отырғанымызда Кәмила апай. Мүмкін, балаларға ән жазуына да ол кісінің балажан мінезі түрткі болған болар.

              Өмірбек Байділдаев ғылыми-педагогикалық салада профессор атағын иеленсе, қаламгерлік жолда Журналистер одағының мүшесі, сазгерлік жолда Композиторлар Одағының мүшесі болды.

               «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,

              Өлмейтұғын артына сөз қалдырған,-деп Абай атамыз айтқандай, Өмірбек ағамызға жасалатын ендігі құрмет шынайы кісіліктің, елдіктің белгісі болмақ.

            Мұзағаң айтқандай, еңбегі тірісінде бағаланбаған, әлі де мұралары зерттелмеген, көптеген әндері халыққа жетпеген, ғылыми еңбектері жалғасын таппаған  өнер иесі  - Өмірбек Байділдаев.

             Менің осы мақаланы жазуыма Өмірбектің өнер мұрасын көзінің қарашығындай сақтап отырған Кәмила апамыз бен қызы Бибігүлдің көп көмегі тиді. Бүгінде қасиетті өнер атадан балаға ауысқан. Кішкене немересі Диана қаладағы Мұқан Төлебаев атындағы мектепте дәріс алады.

            Композитор Өмірбек Байділдаевтың өзі еңбек еткен Қыздар педагогикалық институтының музыка факультетінде жылма жыл  өнер иесінің шығармашылығы жайлы үлкен кештер өтіп тұрады.

            Өткенге құрметпен қарау біздің басты борышымыз. Композитор Өмірбек Байділдаевтың мұрасы келешек ұрпағымызға  баға жетпес қазына.

Пікір жазу

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.