14Желтоқсан2017

Download Template for Joomla Full premium theme.

Deutschland online bookmaker http://artbetting.de/bet365/ 100% Bonus.

Online bookmaker bet365

14 Шіл

Шіліңгір шілдедегі ораза: иман сыналатын сәт

Қасиетті Рамазан айы басталды. Жақсылыққа ұмтылған жамағат пен Жаратқаннан жарылқау тілеген жұртымыз «Ораза қабыл болсын!» айтып, ұлық мерекеде мәре-сәре болып, қуанышты көңіл-күйге бөленуде.

Биылғы ораза шіліңгір шілдеге, аптап ыстыққа, талай жанның танауын кептіретін жаздың нағыз күн қызи түсетін мезгіліне дөп келді. Түнеугүні жыл сайын ауыз бекітетін бір досым: «Биылғы ораза қиындау соғатын сияқты ма, қалай өзі? Күн де ысып кетті. Өзім де ойланып отырмын. Ұстасам ба екен әлде тәуекел етейін бе?» – деп сұрақты төтесінен қойып қалды. Осындайда лағынеті шайтан да тыныш жатпайды ғой. Сенімге селкеу түсіруге тырысады. Түсінікке небір ойларды тықпылайды. Осы сәтте адам санасын: «Шілде шыжып тұр ғой. Мына түріммен қайтіп ораза ұстаймын? Қиналып қаламын. Отыз күн бойы обед ішпесем, күнәдан ада болам деймісің?! Жұмысым көп, шөлдеп қалам», – деген ойлар мазаламақ. Біздің имани иммунитетіміз сананы сан-саққа жүгіртетін мұндай сауалдарға қалай жауап бермек? Құлшылықтың қадірін, иманның ләззатын сезінген пендеге бұл ойлар қаншалықты әсер етпек?

Осы ретте өздеріңізбен аз-кем ойласып, пікірлесіп алғанымыз артық болмас деген ниетпен бірер кеңес айтуды жөн деп білдік.
Біріншіден, біздің санамызда: «Мен оразаны не үшін немесе кім үшін ұстаймын?» – деген ойлар мен сауалдар жаңғырып тұруы тиіс. Бұл мәселеде (мәселе дейміз-ау, асылында оразаға қатысты себепсіз сұрақтар туындамауы керек еді – А.Қ.) әр мұсылманның ұстанымы мен сенімі нық әрі айқын болғаны нұр үстіне нұр. «Әрбір ізгі амалымды Алланың разылығына арнаймын. Иманым – қос дүниеде бақытты болуымның кепілі», – деген сенімді ұдайы басшылыққа алған абзал.
Екіншіден, жақсылыққа қиындықсыз, шөліркеусіз, шаршап-шалдығусыз жету мүмкін емес деген ойға мығым болғанымыз дұрыс. «Еңбек етсең емерсің». Бұл нақылдың да берері мол. Жалқаулық – Жаратқан сүймейтін мұсылманға жат жағымсыз қылық. Өйткені, асыл дініміз Исламда ниет етудің орны ерекше. Атқарылған амалдар ниетке байланысты. Мақсатымыз – шаршау емес, Алланың мейіріміне бөлену.

Басы ашық нәрсе: Аллаға деген ұлық сенім мен махаббат күшейген сайын ізгі амалдар жеңіл жүзеге асады әрі оны сүйіспеншілікпен, қызығушылықпен атқарамыз. Ал керісінше болса, онда жеңіл амалдың өзін ауыр сезініп, нәпсімізге мүмкіндік беріп, құлшылықтың қадірін білмей қаламыз.

Үшіншіден, кейде өзімізді өзіміз алдағандай боламыз. Мына бір түсініктен арыла алмай келе жатқандаймыз: «Оразаны ұстауға болады, бірақ қиындау». Негізінде: «Қиындау, бірақ ұстауға болады, шыдаса болады», – деген түсініктен таймай, оған басымдық бергеніміз құба-құп. Әйтпесе, лағынеті шайтанның уәс-уәсіне шайқатылып кетуіміз мүмкін.

Төртіншіден, ораза – денсаулығымыздың садақасы. Алла ауыз бекітуге жарайтын денсаулық берді. Ендеше, оны неге Раббымыздың разылығына арнамасқа. Жаратушы Иенің разылығын көздеп, күні бойы ішіп-жеуден тыйған пендесін Өзі жарылқап, Өзі сауабын, қайырымын беруге уәде еткен. Әр нәрсенің өз қайырымы, рахметі, алғысы болады емес пе? Олай болса, денімізді сау еткен Аллаға айтар алғысымызды ораза ұстаумен білдірсек, қандай ғанибет! Шал-шауқанның, ауру-сырқаудың, жолаушының, аяғы ауыр әйелдің жөні басқа. Ал тепсе темір үзетін, ауызда тісі, белде күші бар адамның: «Шаршап қалам, шөлдеп қалам», – деп, себепсізден себепсіз балаша сылтау айтуы қаншалықты орынды болмақ?.. Себеп-сылтаулар иманның әлсіздігі десек те, отыз күн ораза ұстау, ауызашар істеу – ата-бабадан келе жатқан діни дәстүр емес пе? Дәстүрден жаңылмайық.

Бесіншіден, біздегі климатты өзге елдермен салыстырсақ. Егер Таяу Шығыста, Араб жазирасында, Африка елдерінде болсаңыз: «Жаздың көкесі осында екен ғой, бізде коңыр салқын күз екен», – деп, шүкір айтып, тәубе етуіңіз ғажап емес. Ол жақта ми қайнатар күн. Салыстырмалы түрде қарағанда, біздің 20-30 градусымыз түк болмай қалады. Осы жағын да ескерсек екен.

Біздің айтарымыз: әлі де болса ауыз бекітуге болады. Әлі кеш емес. Мұсылман соңғы ғибадат-құлшылығымен, сипатымен сыналып, бағаланады. Шіліңгір шілдеде ораза ұстап, иман сыналатын сәттен сүрінбей өтуге мүмкіндік мол. Біздікі: «Ниетімізді туралап, сауабы теңдессіз құлшылық айынан құр қалмайық», – деген тілек.

Ораза қабыл болсын!

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы

 

Пікір жазу

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.