30Сәуір2017

Download Template for Joomla Full premium theme.

Deutschland online bookmaker http://artbetting.de/bet365/ 100% Bonus.

Online bookmaker bet365

31 Мам

Жақсылық жасасаң өзіңнен, жамандық жасасаң өзіңнен...

Құдіреті шексіз Алла Тағала қасиетті кәламы болған Құран Кәрімде былай дейді:
«(Ей, Мұхаммед!) Олардың (адамдардың) тура жолға түсуі (иманға келуі) сенің мойныңда емес. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Не нәрсені қайыр-садақаға берсеңдер де, олардың (пайдалары тек) өздерің үшін (жасаған қайыр-садақаларың өздеріңе игілік келтірсін десеңдер) тек Алланың «дидары» үшін ғана қайыр-садақа бергейсіңдер. Әрбір жақсы нәрседен жасаған қайыр-садақаларың (сауабы) өздеріңе толық қайтарылады, сендерге әділетсіздік істелмейді».
Орайы келгенде айта кетейік, кейбір намазхан бауырларымыздың: «Пәленшеге көп уағыз-насихат айтсам-да нәтиже жоқ, не намазға жығылмайды, не ораза ұстамайды», - дейтіні бар. Иә, шынында да адам баласының жүрегіне ие болу қиын.
Адамның жүрегіне қатысты іс күрделі һәм нәзік келеді. Өйткені, адам жүрегіне өзінен басқа ешкім иелік ете алмайды. Тек қана адамдардың және жүректердің Раббы Алла тағала ғана ие бола алады. Бұл мәселеге тіпті пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) те араласа алмайтындығын жоғарыдағы аят ұқтыра келе: «(Ей, Мұхаммед!) Олардың (адамдардың) тура жолға түсуі (иманға келуі) сенің мойныңда емес», -деп ескертеді. Сондықтан, ислам дағуатына, уағыз-насихаттарына құлақ салмаған, үндеуіне жүрмеген, зекет-садақасын бермеген адамдар хақында Алланың өзі Елшісіне «олар жөнінде мұңайма, уайымдама, ашуланба» деп жұбатып тұр. Өйткені, аяттың келесі сөйлемінде: «Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады» дегеніндей, жүрекке иман ұялату - Алла Тағаланың ісі.
Жалпы, адамның Исламға келуі Алла тағаланың қалауына қатысты болып табылады. Алла кімді қаласа, соны хақ жолы ислам дініне бастайды. Демек, Алла кімді қаласа, намаз оқуға, зекет-садақа беруге, бір сөзбен айтқанда қайырымдылық істер жасауға жетелейді. Мұндай игі істер жасау Алланың қалауынсыз болмайды. Алла нәсіп еткен жан ғана қайырымдылыққа бейім келеді. Өйткені, Алла: «Не нәрсені қайыр-садақаға берсеңдер де, олардың (пайдалары тек) өздерің үшін», - деп асыл аяты арқылы қайыр-садақа беруге мүмін-мұсылмандарды қызықтыруда.
Демек, істелген жақсылықтың негізгі пайдасы сол жақсылықты істеген адамға болмақ. Сырт көзге жұмсалған теңгеден басқалар пайда көрген сияқты болғанмен, соңында қайырымдылық жасаған кісі көп пайда таппақ. Біріншіден, Алланың әмірін амалға асырды. Екіншіден, мол сауапқа кенелді. Үшіншіден, Алланың Өзі уәде еткеніндей ақыреттегі жайы жәннат болмақ.
Қайыр-садақа жасаған пенде осы дүниенің өзінде адамдардың мейір-шапағатына, құрмет-қошеметіне бөленеді әрі ризық-несібесі арта түседі. Бұдан басқа пайдалары көл-көсір, оларды Алланың өзі біледі. Хадис шәріптің бірінде: «Жасаған қайыр садақаңыз пәле-жаланы алыстатады және ғұмырды ұзартады», - делінген. Демек, жасалған қайырлы істің түп-төркінінде жақсылық жасаған кісінің өзі толығымен пайдасын көреді екен.
Жақсылық жасап, қайырымдылық көрсетудегі ең басты мақсат – Алла разылығы көзделуі тиіс. Сол үшін мұсылман баласы пенделік мақсатты көздеп емес, тек қана Алла ризалығын мақсат тұтып, қайырымдылық жасауы керек. Өйткені, аяттың жалғасында: «(Жасаған қайыр-садақаларың өздеріңе игілік келтірсін десеңдер) тек Алланың «дидары» үшін ғана қайыр-садақа бергейсіңдер», – деп нәпақа жасаудың қағидасы баяндалады. Бұл қағиданы амалға асыру тек момын-мұсылманның ғана қолынан келетін іс. Момын-мұсылман ғана қайыр-садақаны Алла үшін береді. Ал, өзгелері ше? Олар бір нәрсе берсе, тек рия, мақтан үшін жасайды. Алладан өзгенің ризалығын алмақ ниетпен жасайды. Олай болса, қандай да бір қайырлы іс жасасақ, алдымен ниетті түзеген дұрыс. Егер ниетіміз Алла ризалығы үшін болса, ол іс міндетті түрде сауапқа айналады.
Әлгі аяттың соңы: «Әрбір жақсы нәрседен жасаған қайыр-садақаларың (сауабы) өздеріңе толық қайтарылады, сендерге әділетсіздік істелмейді», - деп аяқталады. Қанша қайыр-садақа жасаған болсаң, баршасының сауабы толығымен қайтады. Кемітіліп, зұлымдық қылынбайды. Ибн Әби Хатим (р.а.) жеткізген риуаятта Абдулла ибн Аббас (р.а) былай дейді: «(Алғашқы уақытта) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылмандардан басқаға садақа жасамауға бұйырған еді. Сонда: «(Ей, Мұхаммед!) Олардың (адамдардың) тура жолға түсуі (иманға келуі) сенің мойныңда емес. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады», - деген аяты түскеннен кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с) баршаға (мұсылманға да, мұсылман емеске де) садақа жасай беруге бұйырды. Демек Ислам, діни бостандықты мойындап қана қоймай, басқа діндегілерге де жақсылық қылуға, көмек қолын созуға мұсылмандарды ынталандырып, сауабына қызықтыратын дін. Кім болса да оған қайыр-ихсан етсеңіз, оның сауабы жоғалмайды, қайтарымы бар.
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадис шәріпте:
Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Бір кісі: «Мен міндетті түрде садақа беремін» деп садақасын алып шығып, оны (білмей) ұрының қолына ұстатады. (яғни, Алладан басқа ешкім білмей-ақ қойсын деген ниетпен түн жарымда байқаусыздан, қателесіп садақасын ұрыға беріп қояды) Таңертең (адамдар арасында): «Ұрыға садақа беріпті», - деген әңгіме желдей еседі. Сонда ол кісі: «О, Алла, мадақ Саған ғана тән (барлық жағдайда өзіңе шүкірлер болсын! Мен міндетті түрде (мұнан да артық етіп) садақа беремін», - деп (бар ниет-ықыласпен) садақасын (келесі түні жасырын түрде тағы да) алып шығады да, оны жезөкшенің қолына ұстатады. Таңертең (адамдар): «Түнде біреу жезөкшеге садақа беріпті», - деп әңгіме қылады. Сонда ол: «О, Алла, мадақ Саған тән! (Мен садақаны) жезөкшеге (беріппін), бұйыртса (тағы) міндетті түрде садақа беремін», - деп садақасын алып шығып (келесі жолғы түнде) бай кісінің қолына ұстатады. Күндегідей таңертең (адамдар): «Бай адамға садақа беріпті», - деген әңгімені гу ете түседі. (Мұны естіген) ол: «О, Алла, мадақ Саған тән! (Мен садақамды) ұрыға, жезөкшеге және бай адамға (беріппін)», - дейді. Сонда оған (біреу) келіп: «Ұрыға берген садақаң, мүмкін оны ұрлық істемеуден қайтарар, жезөкшеге бергенің, мүмкін оны зинадан (жеңіл жүрістен) қайтарар, ал бай адамға бергенің, мүмкін ол ғибрат алып, Алланың берген (байлығынан Алла жолында) жұмсайтын болар», - деп айтты», - делінген. Осы жоғарыдағы екі хадистен қорытынды шығаратын болсақ, мұсылман өзге дінді ұстанған адамға болмаса қылмыскерге немесе жезөкшеге, тіпті, байға жасаған қайыр-садақасының қайтарымы болады. Мәселен айтсақ, садақасы қаржылай ма, заттай ма немесе ауыз аштыра ма ең бастысы жасаған игі ісі өзіне жақсылық болып оралады. Өйткені, мұсылман қайырымдылығын өзі үшін емес, Жаратушы Алланың разылығын қалап жасайды. Сондықтан, мұсылман адамның әрбір жақсы амалы сауапты, ал, қайтарымы Алладан болады. Мұның ақиқаттығы Құран Кәрімде былай баяндалады: «Расында, Алла жасаған игіліктеріңді (өте жақсы) біледі». («Бақара» сүресі, 273-аят)
Әр нәрседен хабардар болған Алла тағала кімнің не істегенінен толықтай хабардар. Мұсылман үшін жасаған жақсылығын адамдардың емес Алланың білгені маңызды. Жақсылық жайлы түрік халқында мынадай сөз бар: «Жақсылық жаса да теңізге таста, балық білмесе, Халиқ біледі». «Халиқ біледі» дегені «Жаратушы Алла бәрін біледі», - дегені әрине.
Қасиетті Құранның «Сәбә» сүресі, 39-аятында:
«Раббым қалаған адамының ризығын арттырады, (қалаған адамның ризығын) тапшы қылады. (Алла жолында) берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады. Ол – ризық берушілердің ең жақсысы» деп айт», - делінген. Ал, «Қасас» сүресінің 84-аятында:
«Кім бір жақсылық істесе, оған одан да артық жақсылық бар», - деп Алла Тағала жақсылыққа жұмсалған әр нәрсенің орнын басқа жақсы нәрсемен толтыратындығын және жомарттық танытқан кісіге қарымын қайтарып қана қоймай оған тағы істеген жақсылығын арттырып беретіндігін айтып уәде етуде.
Саңлақ сахаба Әбу Һұрайра (р.а.): «Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) былай деді», - дейді:
«Алла тағала айтады: «Ей, адам баласы! Алла үшін қайырымдылық жаса, сонда саған да қайырымдылық жасалады». Мұндай тәлім-тәрбиені бойына сіңдірген хазіреті Айша анамыз өте жомарт кісі-тұғын.
Бірде екі баласын ертіп қайыр сұрай келген әйелге жаны ашып, берерге ештеңе таппай бір құрманы ұстатып, шын пейілімен шығарып салғаны бар.
Пайғамбарымыздың (с.ғс.) жақын досы халифа Мағауия (р.а.) хазіреті Айшаға Рамазан айында азық-түлік сыйлайды. Жіберген азығы айлар бойы жеуге болатындай тым көп болатын. Бірақ, Айша анамыз өз үйін ойламай, келген азықтың барлығын ауылдағы жағдайы нашар отбасыларға таратып берген екен.
Кешқұрым Айша анамыздың көмекшісі Үммү Дүрре ауызашарға бір нәрселер дайындамақшы болады. Қараса, үй ішінде бірде-бір азық жоқ. Жағдайды хазіреті Айшаға айтып:
- Уа, мүміндердің анасы, тым болмаса келген азықтан кішкене болса да үйге қалдырмадыңыз ғой, – дейді не істерін білмей.
Сонда хазіреті Айша анамыз:
- Иә, Үммү Дүррә! Мен өзімді ойламаппын. Және бізден де нашар тұратындар бар ғой, соншама азықты ұстап тұрғаным әсте ұят болар. Алла тағала бір жолын көрсетер. Сабыр етейік. Бүгінгі кеште де аузымызды сумен ашармыз, - деп көмекшісімен сөйлесіп тұрғанда, есік қағылады. Үммү Дүррә есіктің аузындағы әйелді көргенде таң қалды. Ешкімге айтпай, көршілері тамақ жасап алып келіпті. Хазіреті Айшаның мұқтаждарға қамқорлық жасауды ұмытпағанындай, Алла Тағала да оған қамқорлық жасауды ұмытпауда. Өйткені, көмектескеннің көмекшісі Алла тағаланың өзі екені ақиқат.
Ади ибн Хатим (р.а) риуаят еткен хадисте пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с):
«Жарты құрмамен болса да тозақтан қорғаныңдар», - деген. Имам Науауи (р.а.) хадиске былайша түсіндірме береді: «Қайырымдылықтың мақсаты - оның аз-көптігінде емес, оның жақсылық ниетімен істелуінде. Осы себепті қайырымдылық жасауға кімнің қаншалықты мүмкіндігі бар болса, сол мөлшерде қолғабыс жасауға ынтық келеді». Қасиетті Құранның:
«(Ей, Мұхаммед!) Олардың малынан садақа ал да, онымен оларды тазартып, толықтыр, оларға дұға қыл. Өйткені, сенің дұғаң олар үшін бір жұбаныш. Алла – бәрін естуші де білуші», деген Тәубе» сүресінің, 103-аяты түскенде «Жарты құрмамен болса да тозақтан қорғаныңдар», - деп айтылған хадистің әсерімен сахабалар арасында садақа беруге бар күш- жігерлерін салатындар пайда болды.
Бірде сахабалардың бірі екі уыс құрма алып келді. Сонда мұнафықтар: «Алла мына кісінің екі уыс құрмасына мұқтаж емес шығар», - деп келеке мазақ етіп өздерінен төмен санайды. Ал, бір сахаба болса әжептеуір қомақты ақша алып келеді. Сонда әлгі мұнафықтар: «Бұның істегені рия», - десті. Осыдан кейін мына аят түсті: «Мүміндер жомарттық жасап, садақаны көп берсе де немесе шама-шарқына қарап, аз берсе де, оңбағандар оларды келекелеп күлкі етеді. Ал, Тәңірі олардың өздерін тәлкекке салып, жазалайды, зор зобалаңға душар етеді».
Жалпы, азаптан құтылудың жолы жақсылық жасау. Ал оны аз-көбіне қарамай істеу керек. Қайырымдылық ниетімен жасалынған әрбір игі істің соңы жақсылыққа қауыштырады.
Алла Тағала Құранда:
«Кімде-кім тозаңның салмағындай жақсылық істесе, соның сауабын көреді. Кімде-кім тозаңның салмағындай жамандық істесе, соның зардабын татады», - дейді. Асыл дінімізде садақа атауы - жақсылық пен қайырымдылыққа ортақ. Садақа атауымен аталған әр нәрсе не болмаса жарты құрма, жылы сөз өз басына жеке-дара жақсылық деп аталып, тозақ отынан қорғанатын қалқан саналады. Осы себепті жақсылықты аз-көп демей, оны қайырымдылық деп қарау керек.
Күллі мұсылман жұртшылығы үшін молырақ сауап жасайтын кез - мүбәрак Рамазан айы. Хадис шәріпте: «Кімде-кім ауыз ашса, құрмамен ашсын. Құрма таппаса, сумен ашсын. Өйткені су – пәк нәрсе», - делінген. Аузы берік адамға бір құрма немесе бір жұтым су тәрізді азық беру де сауапқа кенелтеді. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ораза ұстаған кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді», – дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім Алла жолында берген нәрсесін жұп қылып берсе, жәннаттың есігінен, кім намаз оқушылардан болса, намаз есігінен шақырылады. Кім жиһад етушілерден болса, жиһад есігінен шақырылады. Кім ораза ұстаушылардан болса, «Раййан» есігінен шақырылады, садақа берушілер болса, садақа есігінен шақырылады», - дегенде хазіреті Әбу Бәкір (р.а): «Әке-шешем саған пида болсын о, Алланың Елшісі! Осы есіктердің барлығынан шақырылатын адамдар бола ма? Бір адамның барлық есіктерден шақырылуы мүмкін бе?» - деген сұрағына Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, болады. Сенің де солардың бірі болуыңды үміт етемін», - деп айтқан екен.
Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис-шәріпінде: «Рамазан айында бір жақсы іс жасаған адамға Алла тағала басқа айларда парыз істі орындағанның сауабын береді. Ал парызды орындағанға басқа айларда жетпіс парыздың сауабын жазады», - дейді.
Демек, бұл айда жай садақа жасаған кісі басқа айда зекет бергендей сауап алса, ал бес парыздың бірі – зекетті осы айда өтесе, жетпіс рет зекет жасағанның сауабын алмақ. Сол себепті, мұсылмандар бұл сауабы арта түсетін Рамазан айын әдеттегіден де маңызды өткізіп, ораза ұстайды, ауыз аштырады. Тікесінен тік тұрып тарауих намазын оқып, Құран хатымға қатысады. Пітір-садақа беріп, игі істерімен жан-дүниесін тазартып, рухани байи түседі.
Міне, пенденің жасаған қайырымдылық істері ешқашан босқа кетпек емес. Алла әділдігімен құлының ақысын беріп, еткен еңбегінің есесін қайтара түседі. Шынымен де адам баласы қанша дүние-мүлік жинаса да, өзіне тек ішіп-жегені мен киіп тоздырғаны ғана бұйырады. Сондықтан қайырымдылық жасау қайтарымы мол ізгі амал. Оның ақыретте сауап болатыны өз алдына, пәни дүниеде де пайдасы мол.
Панов Исмайл Ыдрысұлы
Кентау қалалық орталық
мешітінің бас имамы
"Дөңгеленген дүние" газеті

Пікір жазу

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.