20Тамыз2017

Download Template for Joomla Full premium theme.

Deutschland online bookmaker http://artbetting.de/bet365/ 100% Bonus.

Online bookmaker bet365

          Қаламқас апаның алтын асықтай алты келіні бар. Алтауын да қолдан түсіріп, басына орамал салып, ақ босағадан аттандырды. Әрқайсысының жаманын жасырып, жақсысын асыра білді. «Жібекті иіре алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді» деген қанатты сөзді жадынан тастамаған апамыз келіндерін қыздарынан кем көрген жоқ. Келіндері де алдына түсіп иіріліп, сәлемінен жаңылмайды. Қатты дауыс көтеріп, жекіген емес. Бола қалған жағдайда келіннен кеткен кемшілік екенін бірден түсінесің. Өз әулетінде  келіндер мектебін қалыптастыра білген, 6 ұл 6 қыз өсіріп Батыр ана атанған Қаламқас апаның тағылымды тәжірибесі мен  өнегелі тәрбиесі көптеген қазақ отбасыларына үлгі боларлықтай.
 Қазіргі қоғамда ене мен келіннің қарым-қатынасы өзекті тақырыпқа айналып отыр. Кердең келін мен есірген ененің қылықтары бүгінде екінің бірінің таусылмайтын әңгімесі болып алған. Содан да шығар, отбасында ата-енемен бірге тұрудан қашқақтайтын жас қыздар көбейді. Алайда, жат жұртқа келін болар қыздың ене тәрбиесінен өтуі заңды да. Қазақ тарихында ене мен келіннің қарым-қатынасы өз алдына бір институт боларлық. Бұған заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Зере мен Ұлжанның ұлағатты қарым-қатынасын мысал етіп айтсақ та жеткілікті. Ендеше, одан бері қарай не өзгерді? Ене мен келіннің арасынан неге бүлік шықты? Бүгін ол неге өзекті мәселеге айналып отыр?
  - Бұрын тұрмысқа шығып, жар атану, қайынжұрттың көңілін табу деген мәселені онша көп ойлай бермейтінмін. Мен үшін бәрі оңай болатын. Алайда, қатты қателескен екенмін. Отбасын құрғаннан кейін оның ащы дәмін мен көп таттым, - дейді Күлтай есімді келіншек. - Көңіл жарысымын тауып, некелесіп, отау құрған біздерге ең бірінші алакөзденген енем болды. Уақыт өткен соң, оңалар деген ойымның бәрі адыра қалды. Қайта күн өткен сайын маған кәрін қадап,оның нағыз қас дұшпанына айналдым. Сондағы айтатыны «сен біздің әулетке лайық емессің, жоқ жерден шыққансың, ұлыма бақуатты жерден қыз әперемін». Осы секілді сұрқия сөздері жаныма маза бермеді. Алайда, бұл мазасыздықтың соңы ажырасуға ұласты. Бір баламды құшақтап, төркініме қайта келдім. Бәріне де себепші енем болды емес пе? Ал, күйеуім бір үйдің жалғыз ұлы. Шешесінің қарсылығына қарамастан бізге арагідік келіп тұрды. «Бұдан кейін ешкімге үйленбеймін» деп ішкілікке де салынып кетті.
Бұл - бір ғана қазақ қызының тағдыры. Ал, мұндай  тағдырдың иесі атанып жүргендер қаншама. Әйткенмен, мәселенің екінші жағын да алып қарайықшы. Көп жағдайда бақытсыздыққа енелерді кінәлай беруге бола ма? Қазақ қыздарының отбасындағы қиыншылыққа төзе білмеуі неліктен? Қалай десек те, келін мен ене сыйластығы   - отбасының ұйытқысы, берекесі болуы тиіс. Келін міндетін мүлтіксіз атқарып, ене өзінің ұлағатын үздіксіз беріп отырса, отбасындағы кикілжіңдерге де орын болмас еді. Алайда, сананы нарық билеген заманда жас келіндердің отбасындағы материалдық талаптары күн өткен сайын биіктей түсуде. Бұған шыдай білмегендер тағы да ажырасудың ар жағынан бір-ақ шығады.
- Марқұм енем Қалия Бейсеновамен 19 жылдық қарым-қатынасымызда, жадымда тек ол кісінің жасаған жақсылықтары ғана қалып қойыпты, - дейді журналист әріптесіміз Ләззат Жорабекова.  – Ол кісі көп жыл басшылық қызмет атқарған, ақылгөй, көрегенді, түсінігі мол жан еді. Сондықтан да болар, енемді өзіме аса жақын тұттым. Ене мен келіннің тату болуы көбінесе үлкен кісіге байланысты ғой. Білмегеніңді үйретіп, жол көрсетіп, бұрыс тірлігіңді дұрыстап жіберетін де ене. Енем марқұм ешқашан бізден ақыл-кеңесін аяған емес. Өмірге деген көзқарасы да мүлдем бөлек еді. Тіпті, мейрам күндері үйде отыра беруге болмайды деп саябақтарға серуендеуге алып шығатын. Өзім ол кісіден көп сабақ алдым, өмірден өткенше білгенін үйретумен кетті.         
         Иә, ененің отбасы татулығындағы орны тым бөлек. Шаңырағын шайқалтпай, босағасын берік ұстап отыратын аналардың дәйім ұл-қызының ертеңі үшін алаңдайтыны сөзсіз. Ал, отбасына жаңадан аяқ басқан келінді келін ету де, келсап ету де тікелей енелерге байланысты. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген енелер ұстанымы түптеп келгенде ұлт тәрбиесіне келіп тірелетіні хақ.  
 Осы жерде жоғарыда атап өткен Қаламқас Әлжанованың өз ойын келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. «Әрбір ана үшін перзент бақыты деген ұғым маңыздырақ. Тоғыз ай, он күн көтеріп, өсіріп, тәрбиелеген перзентіңнің алған жары да адал болғанын кім қаламайды дейсің? Сондықтан, алты келіннің алты түрлі мінезін игеріп, отбасына сіңіру де оңай болған жоқ. Бәрі де балаларымның бақыты, ертеңі үшін ғана» дейді ол.
 Олай болса, қазақ отбасындағы енелер салихалылығынан, келіндер ибалылығынан ажырамаса екен дейміз!
Аружан Рысбек.
 
 
 
 
 
Осы категориядағы басқа материалдар: Тұрғындар таза су ішетін болды »

Пікір жазу

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.