30Сәуір2017

Download Template for Joomla Full premium theme.

Deutschland online bookmaker http://artbetting.de/bet365/ 100% Bonus.

Online bookmaker bet365

07 Мам

Ерекше домбыраның иесі... туындысын 7 000 АҚШ долларына бағалайды

Сарығашта жеті жасынан бері домбыра жасап келе жатқан шебер тұрады. Есімі Қанат Кеңесов, қазір жиырма жетіде. Ол жасаған домбыраның ерекшелігін атап айтуға тұрарлық. Ең алдымен, Қанат қазақтың ұлттық аспабын өте тартымды етіп көрсетеді, яки қазақы ою-өрнекпен көркем бедерлеген. Екіншіден, домбыраға арнайы арқалық тіреуіш ойлап тапқан. Ол бұйымы да көзге сүйкімді көрінеді. Ал, бала кезінен қалай бастаған десеңіз, атасы әйгілі зергер болып шықты.
 
Қазір сол Кеңес атасы сексеннің үстінде, немерелерінің арасынан батасын алып көгеріп-көктеп, жолын қуған Қанаттың қамын жеп, дұғада отырады.
-Кішкене күнімнен пластилиннен мүсін жасайтынмын, кейін гипске көштім. Мектепте жарыстарда бұған мақтау қағаздар алатынмын, - дейді ол. Қаннан сіңген қасиет ғой, ол ержетіп ата кәсібін әрі қарай жалғастырып алып кетті. Әуелгі кезде үй ішінде домбыралар жасап, базар жағалап саудалап келетін. Кейін күнкөріс қамымен Қанат арқадағы Астанаға жол тартты.
Әлгі бір ертегі кейіпкері секілді бойында өнері бар бозбала бағын сынап көрмек болып, алыс сапарға аттанып кеткендей... Үйлері зәулім, Есілдің бойындағы әсем қаланы көргенде, мұнда қарап қалмай, тас қабырғаларға өрнек салғысы келгені-ай. Қанат ұзақ жүрмеді, қыз-қыз қайнап жатқан құрылыс алаңына тап болды. Өзі қиялдағандай, үй қабырғаларына шебер қолдарымен әдемі өрнектер салды. Осылай көзге іліккен ісмер бала «Highvill» атты кореялық компанияға жұмысқа шақырылады. Тіпті, қиырдағы Корей елінің құрылыс кеңсесі Қанаттың бойындағы қабілетті аңғарған ұқсайды.
-2012 жылы құрылыс сәулетшісі ретінде Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуіме ұсыныс түсті, - дейді Қанат. – Бірақ, ойымда бір ғана мақсат тұрды. Ол – домбыра. Сана-сезімімді билеп алған оюларды қасиетті домбыраға төгіп түсіру менің арманым еді... Енді мына екі жолдың қайсысын таңдаған дұрыс? Жан қалауына ерік беріп, мақсатына батыл қадам жасағаны жөн бе? Әлде болашақ қызметіне әсері бар, үлкен сынақ пен тәжірибеден өтіп келіп, тұрмысын түзеуге күш жұмсау керек пе?
 
«Кореяға бармадым, ауылға тарттым»
 
Жолайырық... осы шығар. Бәлкім, Қанат түйсігіне сенді ме, бойындағы таланты жеңіп кетті ме, әйтеуір ауыл жаққа бүйрегі бұрып, елеңдеді де тұрды. Қалай еткенде арманына қол жеткізер екен? Сол жылы ұзынқұлақтан жақсы хабар естіп қалған, «жаңадан іс бастайтын кәсіпкерлерге мемлекеттік қаржылай қолдау көрсетіледі, егер кәсібі өзгелерген айрықша болып табылар болса, қайтарымсыз грант береді». Бұл жаңалыққа сенер-сенбесін білмеген қолөнерші жігіт нар тәуекелге бел буды.
Алдыңғы жылы Шымкент қаласында инновациялық жобаларға байқау жарияланған. Ұтқыр жобаға – үш миллион теңге ақшалай демеу көрсетіледі. Қанат ойланып жатпай, осы конкурсқа қатысып, жеңіп шығамын деп өзіне уәде берді. Комиссияда оннан астам мүше болады, мүйізі қарағайдай небір ғалымдар, өнертапқыштар, сарапшылар, экономистер қадағалап отыратынын білгенде, шыны керек жүрексініп қалды. Сонда да құжаттарын тапсырып, конкурсқа қатысатыны туралы өтініш жазып кетті. Мұндағы құжат қабылдаушы мамандар: «Күтіңіз. Уақыты келгенде өзіміз шақырамыз!» деп қысқа қайырды.
Дәл сол шақтары «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қоры «Жас кәсіпкерлер мектебін» ұйымдастырып, бойында арман-мақсаты бар жастар легін тегін оқытып жатыр екен. Мына хабарландыруға құлағы елең ете қалған Қанат сол жерден бір-ақ шықты. Қолына сертификат аламын дегенше, біраз құнды мәліметтермен қанықты. Нағыз кәсіпкер болу үшін не істеу керек, қаржыны табу жолдары қандай, салықты қалай төлейміз, менеджментті меңгеру тәсілдерінен тренингтерге қатысты. Бәрінен Қанатты таң-тамаша еткені – мұнда бойында қаны тасып, жүрегі жалындап, алдына таудан биік мақсаттар қойған, келешекте ірі кәсіпкер атанамыз деп алға қарай бар ынты-шынтысымен ұмтылған өзі секілді үзеңгілес құрдастары көп екен. Идеялары да орасан. Өзімен терезесі тең, пікірлес достарды кезіктірген қандай керемет!
 
Қарсы келген үш сұрақ
 
...Күткен конкурстың өтетін мерзімі белгіленді. Жоба таныстырылымы өтеді.  Жүзден аса өтініштер қабылданған, алайда байқауға 18 жоба қатысатын болып шешілді. Солардың ішінде Қанат тізімде 18-інші екен. Комиссия атаулының қай заманнан мысы бар емес пе, жоба авторларының барлығы өз кезектері келгенде дағарадай есікке еніп кетіп жатыр. Небір хас шеберлер, профессорлар, технологтар... Сірә, комиссия қатал ма, кіргендер түнеріп шығады. Уақыт тығыз деп, сөйлеуге берген он минутты тізімнің ортасында үш минутқа қысқартып тастады. Бір-ер минуттың ішінде қысқа әрі нұсқа айтып, комиссияны көндіріп шығу оңай емес. Қанаттың ұтқан жері – ең соңында кіреді. Кіріп-шыққандардан әлсін-әлсін сұрағыштайды: «Аға, комиссия сізге қандай сұрақ қойды?» Байқаса, ондағылар тек үш сұрақ қойып отырған секілді: «Сіздің кәсібіңіздің жаңашылдығы неде?», «Қандай тиімді жақтары бар?», «Егер сізге қаржы қарастырсақ, қандай нәтижеге қол жеткізе алуыңыз мүмкін?»
      Ол апыл-ғұпыл ойын жинақтап, сөзін іштей сабақтай берді. Комиссия алдына барғанда: «Бұл біздің ұлттық домбырамыз! Өздеріңіз көріп тұрғандай жаңа қырынан жасап әкелдім. Егер сіздер станокқа қаржы берсеңіздер, уақыттан ұтар едім және халыққа бағасы қолжетімді болар еді» деп тоқ етерін айтты. Ондағы төрдегі отырған еңселі үлкен кісі домбыраға тамсана қарап: «Тамаша туынды!» деуі мұң екен, қасындағылар Қанаттан визит қартасын  сұрады, әрі комиссия мүшелерінің шетінен жылы жымиып, күлімдей жөнелуі ішін жылытып жіберді.   
       Комиссияның оң шешімі Қанатқа расында жігер берді. Ертесіне байқаудан өткенін білгенде тіпті қуанышы қойнына сыймады. Ақыры Қытайдан арнайы ағаш жонатын станок сатып әкелді, жұмысы жеңілдегендей, дегенмен кейбір тұстары темірдің күшімен емес, нәзіктігі сондай қолмен оюға тура келеді. Ондай кезде ерінбестен қол күшін жұмсайды. Қанат домбырамен шектеліп қалмады, сауда қатарына тамақ салатын қазіргі сәндегі ағаш астаулар, сандықтар, сыйлықтарға таптырмас қазақы кәдесыйлар, ойыншықтар жасауды бастады. Қоңыр үнді домбыраның дыбысы мінсіз болу үшін және сырт пішінін әспеттей алуға асқан ептілік пен білгірлік керек. Қанат өз домбырасын шаппа деп атайды екен, қырлы және құрама түрлері бар, көбінде жаңғақ ағашы мен қарағашты қолданамын дейді.
-Домбыраның бағасы жиырма мыңнан бастап, жеті мың долларға дейін. Көбінде үш мың доллар шамасындағы домбыралар өтімді келеді. Сарыағаштағы шипажайларға әр он күн сайын қонақтар ауысып келеді, көбінесе ақтаулықтар мен алматылықтар қызыға сатып алады. Бағасын түсір дейтіндері бар, ондай кезде келісемін. «Жатқан тастың астынан су ақпас» деген, қиылып өтініш айтқан жандардың көңілін қалдырғым келмейді, өзімнің қағидам бойынша қатып қалған нәрсе жоқ, ауқатты емес, қарапайым отбасынан шықтым ғой, түсінемін. Өзімді тынымсыз еңбектің адамымын деп санаймын, ұстанымым: «Жүргеннің жолы қысқарады», алға жылжу және уақытты тиімді пайдалану, «бүгінгі тірлікті ертеңге қалдырма», «сыйлағанның құлы бол» деген мәтелдер ылғи жадымда жүреді.
 Жалқы бір домбыраға екі айға дейін уақыт жұмсалады. Астауларға екі жұма, кішкенелеріне 4 күн жеткілікті кейде. Қасында  үш шебер бар, цех жұмыс істеп тұр. Цех қалай ашылды десеңіз, оның да жолы болды. Бір жолы аудан орталығына ОҚО әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев келіп, кәсіпкерлердің халін білгенде, арасында тұрған Қанатты шырамытқан басшы:
-Бұл жігіттің өнерімен таныспыз, сіздер тарапынан қолдау көрсетілді ме? – деген аудан әкіміне қарап. Арада бірнеше айдан соң, цех салу үшін ауданнан он сотық жер бөлінді. «Өзім бес шәкірт тәрбиелеп шығардым» дейді Қанат қуанып, жас кәсіпкер мектебінде оқыған курсы бекерге кетпеді, салық төлеу жолдарына сауаттанғаны арқасында, қазір есеп-қисап жұмыстарына өзі бейімделген. Күннен-күнге ерекше домбыра ел арасына танылып бара жатқан сынды. Сыйлыққа тарту ететіндердің қатары көбейді. Айтпақшы, ең үлкен сыйлық – 2001 жылы Жетісайда салынған көпір кезінде Елбасы келіп, сонда тарту етілген Кеңес ақсақалдың домбырасы. «Атасы жақсы қандай-ды», немересіне үлгі болған, атасын құрмет тұтқан ұрпақтың өкілі осылай өсіп-өніп келеді.
 
 Құралай АХМЕТОВА 

Пікір жазу

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.