13Желтоқсан2017

Download Template for Joomla Full premium theme.

Deutschland online bookmaker http://artbetting.de/bet365/ 100% Bonus.

Online bookmaker bet365

05 Шіл

ҰЛТТЫҚ ТАРИХТЫ ЖАҢАША ЗЕРДЕЛЕУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІ

Өркениетті ұлт, ең алдымен тарихымен, мәдениетімен,
 ұлтын ұлықтаған ірі тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің
алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады.
Сөйтіп, тек өзінің ұлттық жол тарихы мен мәдениеті
арқылы ғана басқаға танылады.
 Назарбаев Н.Ә.
 
2013 жылғы 5 маусымда Астана қаласында Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи-мәдени дамуын тиянақты зерделеу, тамыры тереңге кеткен тарихи мұраларымыз бен ұлттық құндылықтарымызды түйсіну, ХХІ ғасыр талаптары негізінде тарих ғылымы мен білімін реформалау жолдарын айқындау мақсатында өткен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы тек тарихшылардың, қоғамтанушы ғалымдардың ғана емес, жалпы ұлтымыздың рухын асқақтататын, тарихи маңызы бар іс-шара болды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті аудиториясында өткен Жалпыұлттық кеңеске Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, Қазақстан халқы Ассамблеясы, қоғамдық қорлар мен ұйым өкілдері, республиканың жетекші тарихшы ғалымдары, тарих факультеттерінің декандары мен кафедра меңгерушілері, педагогикалық саланың мамандары мен БАҚ басшыларының қатысуы Отан тарихының өзекті мәселелеріне мемлекеттік деңгейде мән берілгендігінің және тарих ғылымының жаңа сатыға көтерілгендігінің айқын көрінісі деуге болады.
Жалпыұлттық кеңесте негізгі баяндама жасаған Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау туралы сөз сабақтай келе, жаһандану шайып бара жатқан ұлттың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтауды қамтамасыз ету туралы ойларын ортаға салды.
Бүгінгі жаһандану ана тіліңді, ұлттық болмысыңды, төл мәдениетіңді жоғалтпай, сақтап қалу, оларды қалпына келтіріп ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырудың маңызы ұлан-ғайыр. Ұлт өз тарихи тамырынан сусындап, төл мәдениетінен нәр алмаса, ұлттық құндылықтарынан айрылары сөзсіз. Ал ұлттық құндылықтар – адамзат қоғамын ізгілендіретін қайнар көз.
 «Тарихқа арқа сүйемесе болашақ бұлдыр. Планетада мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді өзің сақтап қалудың жалғыз жолы»- екендігін айта келе, Мелекеттік хатшы өз тарихымызды осы заманғы ғылымның биігінен пайымдауға және ұлттық тарихтың бөлінбейтін бейнесін қалыптастыруға шақырды.
Қазақстанның қазіргі аумағы негізінен қазақ этносын қалыптастырған тайпалардың аумағына сәйкес келеді. Талай мыңжылдықтарға созылған қазақ халқының қалыптасу үдерісін жеткілікті деңгейде зерттеуде сақ мәдениеті, Қаңлы мен ғұн дәуірі, ежелгі түркі мемлекеті мен қағанаттары ерекше назарда болуға тиістігін атап өтті. Қазақ жерін мекен еткен ежелгі тайпалардың тарихын зерттеуде археология, антропология ғылымдарының орны ерекше. Оңтүстік өңірінің тарихы терең, шежіресі бай. Ұлттық тарихымызды, дүниежүзілік тарихты білу үшін, ең алдымен, туған өлкеміздің тарихын терең әрі жан-жақты меңгеруіміз қажет. Осы мақсатта 2012-2013 оқу жылынан бастап біз 5В011400 – Тарих мамандығының оқу жоспарына «Өлкетану», «Қаңлы мемлекетінің тарихы мен археологиясы (б.з.д. II ғ. - б.з. IV ғ.)», «Оңтүстік Қазақстандағы тас, қола, ерте темір дәуіріндегі ескерткіштер», «Мәдени антропология», «Қазақтардың көшпелі өркениеті», «Қазақстандағы этнодемографиялық үдерістер» деген  таңдау пәндерін енгізіп отырмыз. Бұл пәндерден республикаға, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерге танымал ғалымдарымыз, Сәбит Жолдасов пен Александр Николаевич Подушкин  дәріс береді. Кафедра профессоры, тарих ғылымдарының докторы Александр Николаевич Подушкиннің Оңтүстік Қазақстанның Арыс мәдениетін (б.з.д. ІV – б.з. VI ғ.) ондаған жылдар бойы жүйелі әрі кешенді зерттеуі нәтижесінде Қаңлы мемлекетінің археологиялық және жазба ескерткіштерінің (б.з.д. ІІ – б.з. ІV ғ.) табылуы өлке тарихын байытып қана қоймай, ұлттық тарихымыздың тамырының тереңдігін дәлелдейді.
Жуырда ғана Арыс өзені жағасындағы Күлтөбе қалашығынан саз балшықта кестеленген Қаңлы жазуының табылуы және онда мемлекеттік маңызы бар ақпараттардың болуы тарихымыздың аз зерттелген, сыры толық ашылмаған ежелгі дәуірін қайта зерделеуге және білімдерімізді тереңдетуге мүмкіндік ашты. Күлтөбе қалашығы орнынан бірқатар құнды артефактілердің, атап айтқанда, ойын асықтарының, сармат белгілері бар керамиканың, балшықтан сыланған қаңқа арқылы құрастырылған бағананың табылуы сол дәуірдің өзінде күрделі сәулет өнерінің болғандығын көрсетеді.
Отан тарихын, өлке тарихын толыққанды зерттеу үшін өз еліміздегі және шетелдердегі тарихи деректер мен материалдарды жинақтап, жүйелеу өте маңызы. Осы мақсатта кафедра профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сәбит Жолдасов Мәскеу, Орынбор, Омбы, Ташкент, мұрағаттарында, Қытайдың Шыңжаң қоғамдық академиясында болып, өңір тарихына қатысты материалдарды жинақтап, елге алып келіп, солардың негізінде өзінің «Өлкетану», «Оңтүстік өңірінің тарихы» атты сүбелі еңбектерін жазып, оларды ғылыми айналымға түсіріп отыр.
Жас тарихшыларды дайындау жұмысы екі бағытта жүргізілуде. Оның біріншісі, студенттерге араб харіпін үйрету мәселесі. Екінші бағыты - өлке тарихын зерттеу.
Халқымыз 1929 жылға дейін араб харіпін пайдаланғаны және барлық жазбаларымыз бен рухани құндылықтарымыз сол харіпте жазылғандығы тарихтан белгілі. Мұрағаттардағы том-том қағаздар беті ашылмаған күйі жатыр. Ал Қытай еліндегі мың жарым миллионнан астам отандастарымыз әлі күнге дейін “төте араб” харіпін пайдаланады. Қытайдағы қазақ тарихшылары қазақ тарихына қатысы бар біздің  дәуірімізге дейінгі ежелгі жазбалар мен тарихи құжаттарды сол харіппен аударған. Бірақ оны оқитын тарихшылар некен-саяқ деуге болады. Мұндай құнды дүниелерді ел игілігіне жарату тарихшыларға үлкен міндет жүктейді, сондықтан да мұндай қиындықтарды шешу үшін кафедра жанында С.Жолдасовтың ғылыми жетекшілігімен “Тұран” үйірмесі құрылды. Оның мүшелеріне «төте араб» харіпі үйретіліп, олар осы харіпте жазылған Қытайдан әкелінген қазақ тарихына байланысты материалдарды аударып, мақалалар жазып, оларды баспасөз беттерінде жариялап, оқырмандардың қызығушылығын тудырып отыр.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелер Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты ұжымына да үлкен серпіліс беріп, ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруға және  Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи-мәдени дамуын ХХІ ғасыр талаптары негізінде тиянақты зерделеу жұмыстарына  бір кісідей атсалысуға жігерлендіріп отыр.
Динара КҮМІСБЕКОВА
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік
педагогикалық институты
Қазақстан және әлем тарихы
кафедрасының меңгерушісі,
тарих ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.