22Қараша2017

Download Template for Joomla Full premium theme.

Deutschland online bookmaker http://artbetting.de/bet365/ 100% Bonus.

Online bookmaker bet365

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының (ЮНИСЕФ) бірлесіп атқаратын іс-қимыл бағыттарын келісу және талқылау, екіжақты меморандумның жобасын енгізу бойынша кездесу өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, ЮНИСЕФ-тің Қазақстан Республикасындағы өкілінің орынбасары Фиакра Макэзи мен аталған ұйымның жетекшілік құрамы, сондай-ақ, облыстық  білім, дін, денсаулық сақтау, ішкі саясат, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, жастар жөніндегі басқармаларының басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Балалар қорының бірлесіп атқаратын іс-қимыл бағыттарын келісуді мақсат тұтқан жиында қор қызметінің Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы негізгі қызмет бағыттары мен жұмыстың нәтижесі туралы баяндалды. Сонымен бірге, облыс әкімдігімен бірлесе атқарылатын іс-шаралардың бағыттары айқындалды.
ЮНИСЕФ-тің Оңтүстік Қазақстан облысындағы кураторы, денсаулық сақтау және тамақтану бағдарламасының үйлестірушісі Қанат Суханбердиевтің мәліметінше, қос тараптың бұған дейінгі бірлескен жұмыстарының нәтижесінде, аймағымызда бірқатар оңды жұмыстар атқарылған.
Отырыста облыс әкімінің орынбасары жиында көтерілген ұсыныстар мен тілектер бойынша бірлескен жұмыстарды атқаруға дайын екенін жеткізді. Ал әкімдікке қарасты басқарма басшылары тарапынан өңір үшін маңызды бағыттар бойынша эксперттік көмекті қажет ететін мәселелер ұсынылып, ЮНИСЕФ-пен бірлескен жұмыс туралы ұсыныстар енгізілді.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Швейцария, Франция мен Армения мемлекеттерінен келген ірі компаниялардың құрылтайшыларымен кездесті.
Жиынға «SASSTEX», «WKS Textile Solution» компаниясының құрылтайшысы Гелиджи Кристиан, «SCI France» инвестициялық компаниясының құрылтайшысы Акобян Граир, «Goldhein Investments» инвестициялық компаниясының құрылтайшысы  Варагян Давид, «Goldhein Investments» инвестициялық компаниясының өкілі Тыныбек Ришат қатысты.
Басқосу барысында өңір басшысы облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін жобаларды жүзеге асыруға ниетті әрбір инвесторға әкімдік тарапынан қажетті қолдаулардың жасалатынын жеткізді.
Осы ретте әкім шетелдік кәсіпкерлерді заманауи жабдықталған мақта өңдеу зауытын құру, жол құрылысы мен мал шаруашылығы, тері өңдеу, сонымен қатар, ағаш-полимерлі материалдар өндірісінің желісін құру сынды ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Өз кезегінде мәртебелі меймандар Швейцария, Франция мен Армения мемлекеттерінде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп бағытында әлемдік деңгейде көшбасшы болып табылатын бірқатар жобалардың бар екенін айтып, осы сынды жобаларды Оңтүстік Қазақстан облысында да жүзеге асыруға болатынын айтты.
Сондай-ақ, олар облыс аумағындағы жол құрылысы мен тері, мақта, қоқыс  өңдейтін зауыттарын құру және құрылыс материалдарын шығару,  мал шаруашылығын дамыту бойынша жобаларға қызығушылық танытты. Аталған жобаларды дамытуда тәжирибелерінің мол екендігіне де тоқталды.
Шетелдік инвесторлар жол құрылысы саласын дамытуда қазіргі заманауи технологияны пайдалана отырып, талапқа сай  тәулігіне 5 шақырым  жол сала алатын мүмкіндіктерін алға тартты. Оған жергілікті тұрғындарды да жұмыспен қамтуға болатынын жеткізді. Сондай-ақ, мақта өңдеу зауытын құру саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Ал мал шаруашылығын дамытуда Романов тұқымдас қойларын оңтүстікке жерсіндіре отырып мал басын көбейту арқылы ет экспортын арттыру жобалары да табысты іске асатынына сендірді. Әрі оны БАӘ мен Иран елдеріне өткізу жұмыстарын да өздері ұйымдастырмақ.
Оңтүстік Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында аталған компания құрылтайшылары Шымкенттегі туристік-ақпараттық орталық пен жаңадан ашылған «Фронт офис» жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ пен индустриялды аймақта болып,  бірнеше кәсіпорындарды аралап көрді.
Оңтүстіктің инвестициялық мүмкіндіктерін бағдарлаған Франциялық, Швейцариялық және Армениялық инвесторлар облыс әкімдігімен ортақ шешімге келуге уағдаласты.
Әлемдік нарықта көп жылдық тәжірибесі бар «SASSTEX», «WKS Textile Solution», «SCI France» «Goldhein Investments»  серіктестігі кең ауқымды, ұзақ мерзімді жобаларды әзірлеп, жүзеге асырумен айналысатын ірі компаниялар болып табылады.

 

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Жастар индустрияға» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.  Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу бойынша қыркүйек-желтоқсан айларына арналған іс-шара жоспарына сәйкес Созақ ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі, Созақ ауданындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және Жастар ресурстық орталығының мамандарымен бірлесе отырып «Жастар индустрияға» тақырыбында аудан жастарының қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел барысында аудандағы құрылған инустриялды аймақтың мақсаты мен жүргізіп жатқан жұмыстар жайында, индустриялды аймаққа енгізілген жобаларға ұсынылатын мемлекеттің жеңілдіктері, индустриялды аймаққа жобалардың енгізілу тәртібімен және Индустрияландыру картасы аясында көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар жайлы аудан әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Тәжі Ғани Әшімханұлы толық түсіндіріп өтті.
Сонымен қатар ауданда Индустрияландыру картасы аясында және индустриялды аймақтағы жүзеге асырылған, жүзеге асырылып жатқан жобалар жайлы қысқаша айтылып өтті.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету мекемесі директорының міндетін атқарушы Асылбек Айдарбеков орталықтың қызметі мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қызмет жайында хабарлама жасады. Сонымен қатар Дөңгелек үстел қатысушылармен пікір алмасу түрінде өтті. Дөңгелек үстелден кейін қатысушылар ауданымыздың индустриалды аймағындағы жүзеге асырылған жобаларының жұмыстарымен танысты.
Бейсенбі, 17 Қараша 2016 17:34

«ҮЗДІК СЫНЫП ЖЕТЕКШІСІ-2016» БАЙҚАУЫ

Ізгі қоғам құрып, салиқалы ұрпақ жетістігіне сүйіну – мектептегі сынып жетекшісінің қажырлы еңбегіне байланысты. Осыны ескерген Отырар ауданының жауапты сала басшылары сынып жетекшілерінің байқауын өткізді. 3 кезеңнен тұратын сайыста 27 мектептің педагогтары бақ сынады. Байқауда ұстаздардың сабақ беру әдістемесіне қатысты қысқаша слайдтары, тілдік шеберліктері, сондай-ақ, шығармашылық қабілеттері сарапқа салынды.
Білім беру жүйесіндегі тәрбие үрдісін жетілдіру, сынып жетекшілерінің имиджін көтеру мақсатында ауданда «Үздік сынып жетекшісі» байқауы ұйымдастырылды. Өнерлі де ұшқыр ойлы ұстаздар әр кезеңнен сүрінбей өтіп, өздеріне берілген сұрақтарға тапқырлықпен жауап беріп, білімділіктерін танытты.
Елімізді табысқа жеткізудің 3 кілті: «білім, ғылым, инновация». Осы 3 кілт те ең алдымен, бәсекеге қабілетті ұстаздардың бойынан табылуға тиісті. «Ұстаз – еліміздің болашағын тәрбиелейтін жеке дара тұлға» - деп сөз алған аудан басшысы жүлдегерлерді марапаттап, ұлағатты ұстаз атына лайықты болуға шақырды. 
Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов: тәжірибелеріңізді әрі қарай жетілдіре білу керек. Жас ұстаздарымыз тәжірибесі мол ұстаздардан үйренуі тиіс. Осындай үлкен жұмыс атқарсақ, біздің келешегіміз жаман болмайды. Елбасымыз да сіздерге үлкен сенім артып отыр. Ертеңгі жеңіске қол жеткізе аламыз ба, білімді ұрпақ тәрбиелеу – осы ұлағатты ұстаздарымыздың қолында.
ХХІ ғасыр – білім ғасыры. Еңсесі биік егеменді еліміздің алғыр ойлы, адал ұл-қыздарына саналы тәрбие, сапалы білім беруде ұстаздың орны айрықша. Демек, мұндай байқаулар педагогтардың өз ісіне деген ынтасын арттырып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтата бермек.
 

 

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаров атындағы ұлттық ат спорты ойындарының ашылу салтанаты өтті.
Халықаралық жарыстың ашылу рәсімінде сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев турнирге қатысушы барша  командаларға сәттілік тілеп, Асанбай Асқаровтың елге сіңірген еңбегі мен жетістіктеріне тоқталды.
«Асанбай Асқарұлы ұзақ жылдар бойы Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарын басқарып, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан азаматтың бірі және бірегейі деп білеміз. Қоғам қайраткерінің осы өңірді басқару кезінде осы тұрған Орталық атшабар, Дендросаябақ пен Зообақ және балалар темір жолы сынды қаншама әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілген. Ел ағасының облыс тұрғындары үшін жасаған игі істері мен қалдырған ізгі мұраттары бүгінгі ұрпаққа үлгі болып, ел есінде мәңгілікке сақталады деп білемін», - деді әкім.
Бүгінгі турнирге ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Түркияның астанасы - Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бірқатар мемлекеттік жаттықтырушылар қатысып отыр.
Көкпардан 13-ші рет, аударыспақтан 5-ші рет, жамбы атудан 1-ші рет ұйымдастырылып жатқан халықаралық ұлттық спорт бәйгесіне көршілес Өзбекстан мен Қытай Халық Республикасынан арнайы командалар қатысса, республика өңірлері - Астана қаласы, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары және Түлкібас ауданынан  «Майлыкент» командалары бақ сынауда.
Айта кетейік, жалпы облыстағы түрлі деңгейдегі мекемелерде ұлттық спорттың 10 түрі – қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, бәйге, асық ату, теңге ілу, саят түрлері дамытылады. Аталған спорт түрлерімен 220-дан астам жаттықтырушы, 5 мыңнан астам спортшы айналысады.  
Жыл сайын дәстүрлі түрде ат спорты ойындарынан ересектер арасында мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері А.Асқаров атындағы халықаралық турнир, ат спортынан КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, ат спортынан КСРО-ның 9 дүркін жеңімпазы Ә.Дауылбаевтың жүлдесіне арналған республикалық турнир, Ұлыстың Ұлы күні «Наурыз» мейрамына арналған республикалық турнир және «Шымкент қаласы күні» мерекесіне арналған республикалық турнирлер өткізіліп тұрады.
Жалпы, өңірімізде ұлттық ат спорт түрлері - көкпар, аударыспақ, жамбы ату сынды ойындардан топ жарып, көш бастаған спортшылар баршылық. Атап айтсақ, көкпаршылар -  Бақтыбай Шырынқұлов, Нұржігіт Мырзабаев, Темірхан Айтбаев, Омарбек Еркебайлар салым салуда ешкімге тізгін бермесе, аударыспақтан Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров және Түймебек Жұмалиев көш бастап тұр. Ал ұлттық ат спорт түрінен Ғалымжан Ізжанов, жамбы атудан Айкөз Ералхан, Қазақстан Республикасының спорт шебері, жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионы ретінде Сарыбай Айтбек танымал.

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласында жұмыс сапарымен болып, бірқатар туристік, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысты.
Түркі тілдес халықтардың ортақ мұрасы болып табылатын Түркістан қаласын аралау кезінде аймақ басшысымен бірге Түркияның астанасы - Анкара қаласы мэрінің орынбасары Рамазан Кабасакал мен измирлік кәсіпкер Омур Онур мырзалар да қатысып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.
Ең алдымен, облыс әкімі бастаған делегаттар Орта Азияда теңдесі жоқ тарихи жәдігер саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болды. Сонымен қатар, олар «Көне Түркістан» тарихи-мәдени туризмін дамыту концепциясымен танысты.
Түркістанды туристік қалаға, туризм орталығына айналдыру күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі екенін айтқан өңір басшысы тұжырымдаманы әлі де жетілдіріп, халықаралық стандартқа сай ету арқылы толықтырып, қайта жасауды тапсырды. Бұл ретте, әкім жылына 1 миллионнан астам турист келетін аймаққа алдағы жылдары 1 миллионға жуық түркиялық туристердің келуге дайын екенін xабарлап, соған сай сервистік қызметтердің сапасы да жоғары талапқа сай болу қажеттігіне тоқталды.
Мұнан соң, өңір басшысы жаңадан бой көтерген «Отырар» шағын ауданындағы тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысып, оның сапасы мен онда қолданылатын құрылыс материалдарының отандық өнімдер болуы керектігін назарға алды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, аталған шағын аудандағы 5 қабатты екі тұрғын үй, яғни 120 пәтер үй кезегінде тұрған тұрмысы төмен отбасыларға пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бүгінде мұнда тағы 60 пәтерлі 8 тұрғын үй мен «Қазақстанның Ипотекалық Компаниясы» арқылы 72 пәтерлік 2 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жалпы Түркістан қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтар саны 3 мыңнан асады. Осы сұранысты қанағаттандыру мақсатында аталған үйлер бой көтеріп жатқан аумаққа «Отырар» шағын ауданы деген атау беріліп, келешекте 100 үй салу жоспарлануда.
Сапар барысында жұмысшы топ Түркістан қаласының батыс бөлігінде орналасқан индустриалды аймақтың жұмысымен танысты. Онда әкім жиһаз шығаратын "Гранд Микс" кәсіпорнының жұмысын көріп, бағасы төмен, сапасы жоғары жиһаз шығарушы кәсіпкердің жұмысына оң бағасын берді. Және  шығарылатын өнімді кеңінен насихаттап, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде өтетін кәсіпкерлік көрмелеріне қатыстыруды жүктеді.
Аумағы 40 гектар болатын индустриалды аймақта құны  8865,5  млн. теңге болатын  14  жоба орналастырылып, 720 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Бүгінде оның 5-уі жұмыс істеп тұр.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан киелі Түркістан қаласына жасаған сапары барысында Ж.Түймебаев қала активімен кездесті.
Жиында Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев  қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша 10 айда атқарылған жұмыстарды баяндаса, қала әкімінің орынбасарлары проблемалық мәселелер бойынша мәлімдеме жасады.
Баяндамашыларды тыңдаған облыс әкімі біршама жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтып, проблемалық мәселелердің де жоқ еместігіне тоқталды.
«Біріншіден, Түркістан қаласы дотациялық өңір. Себебі, қала бюджетінің тек 7,8 пайызы немесе 2,1 млрд. теңгесі өзіндік кірістер, ал қалған 24,7 млрд. теңгесі облыстан және республикадан берілетін субвенция мен трансферттер. Сонымен қатар, мұнда 10 айға қаралған бюджет қаражатының 249,3 млн. теңгесі игерілмеген, оның 26,5 млн. теңгесі субъективті себептермен игерілмеген. Бұл жергілікті бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің жеткіліксіз жұмысының нәтижесі», - деді әкім.
Еліміздің экономикасын дамытуға инвестиция тарту ең басты мақсат және бұл туралы Мемлекет Басшысының тікелей тапсырмасы бар екенін айтқан аймақ басшысы былтырғы жылдың 10 айымен салыстырғанда, биыл аудан экономикасына салынған инвестиция көлемі  27,7 пайызға немесе 3,9 млрд. теңгеге кеміген.  Сондай-ақ, жыл сайын Түркістан қаласына келетін 1 млн. астам туристер мен зияратшыларға  көрсетілетін сервистік қызметтер деңгейі төмен.
Осыған орай, облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасымен бірлесіп қаланың туристік потенциалын арттыру бойынша нақты қадамдық іс шара жоспарын бекітуді тапсырды.
Сондай-ақ, әкім ветеринаринарлық шараларға және бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану мәселесіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей отырғанын атап өтті. Мәселен,  мал өлекселерін тастайтын орындар саны 18, немесе 40%-ға ғана қамтылған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5 мың гектар және кәсіпкерлік мақсаттағы 1,6 мың гектар жер пайдаланылмай отыр.
Жиынды қорытындылаған Жансейіт Қансейітұлы жоғарыда аталған кемшіліктерді жою мақсатында бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Атап айтар болсақ, салық салу базасын ұлғайту, бюджеттік емес инвестицияларды тарту бағытындағы жұмыстарды арттыруды, сонымен бірге, қалаға  келуші  туристер  мен  қонақтарға көрсетілетін  сервисттік қызметтер  сапасын  арттыру үшін арнайы іс - шара жоспарын әзірлеп, бекіту нұсқалды. Мұнан бөлек, ауыл шаруашылық және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайта айналымға қосу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді міндеттеді. Сонымен бірге, қоғамдық көлік қызметіне, автовокзалдар мен автобус тұрақтарының жағдайына сараптама жасауды, жаңа жұмыс орындарын ашу және жұмыссыздар санын азайтуды, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Сапар соңында жұмысшы топ Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік унивеситетінде аялдады. Ондағы оқытушы құраммен болған кездесуде аймақ басшысы ғалым, профессорлардың өңірімізді дамытудағы ұсыныс, тілектерін тыңдады.
 
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ж.Бөкенбаев «Қыс-2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу жұмыстарына қатысатын  «Қазақавтожол» РМК Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалындағы жол техникаларының қыс мезгіліне дайындығын тексерді. Бұл жұмыстарға ОҚО ТЖД басшысы Н.Дербисов, департамент бастығының орынбасары, полковник Б.Сопбеков пен жол-патрульдік полициясының қызметкерлері де қатысты.
Бұл іс-шараның мақсаты – қыс мезгіліне инертті материалдардың қорын және қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларда авариялық-құтқару жұмыстарына жол-пайдалану техникаларының дайындығын тексеру, арнайы техниканың жұмысқа жарамдылығын және техникалық жағдайын анықтау, облыстық асуларда орналасқан жылыту пункттерінің дайындығын көріп шығу болып табылады.
Айта кету керек, «Қазақавтожол» РМК Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының құрамына барлығы 3 жол-пайдалану басқармасы кіреді. Жалпы техниканың саны 59 бірлік (шнекоротор, автосамосвал, автогрейдер, бульдозер, погрузчик т.б.). Олардың барлығы республикалық манызы бар автомобиль жолдарында жұмыс жасауға арналған. Сондай-ақ, басшылық тарапынан уақытша жол белгілері дайындалған («Тайғақ жол», «Максималды жылдамдылықты шектеу» және т.б.). Оларды республикалық манызы бар автожолдарда орнатады.
Дайындық көрсетілімі барысында бекітілген жол учаскелерінде қызмет көрсету мәселесі, сондай-ақ қыс мезгілінде қауіпті метеорологиялық құбылыстардың пайда болуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша сұрақтар пысықталды.
Қысқа дайындық барысында анықталған барлық кемшіліктер облыстық төтенше жағдайлар комиссиясының отырысында қаралмақ.
 

 

Отырар ауданыныңорталығындағы «Алтынай әже» мейрамханасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудандық мәдениет сарайы өнерпаздарының ұйытқы болуымен «Сағындырған әндер-ай» ретро-ән кеші өтті. 
Мәдени шарада сөз алған Халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Ә.Қалыбекова, аудан әкімінің орынбасары П.Жаппарқұловтар көпшілікті ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтап, өнерпаздарға ыстық лебіздерін білдіріп, оларға толағай сәттіліктер тіледі. 
Сәні мен салтанаты жарасқан ән кешінде халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленген Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев, Ә.Бейсеуов және С.Бәйтереков секілді композиторлардың ретро әндері орындалып, орындаушылар тыңдармандарға тамаша көңіл-күй сыйлады. 
Ән өнерімізде жарық жұлдыздай сәуле шашып, айырықша із қалдырған Ш.Қалдаяқов күллі қазақ халқының ұлттық мақтанышы сазгердің серісі. Біз ес білгелі бері еліміздің кең байтақ даласымен аспанында қалықтаған, махаббат пен сағыныш сезіміне толық қайталанбас Шәмші әуендері енді ХХІғасырәлеміне бет алып әуелей беретіні ақиқат. Табиғат ерекше дарын иесі еткен дара тұлға Шәмші Қалдаяқовтың, композитор, Қaзaқстaн Республикaсыныңхaлық aртисi  Хaсaнғaлиевтiң "Әдемi", "Aсыл aрмaн", "Өмiрiмнiң жaзы", "Aтaмекен" әндерiн тек Қaзaқстaн тыңдaрмaндaры емес, шетелдерде де ықылaспен қaбылдaйды.
 Композитор, Қазақстанның халық артисі Ә.Бейсеуовтің  "Алмалы Алматым", "Гүлдер", "Шақырады көктем", "Мұңайма", "Алтыным", "Маралдым", "Сандуғаш", "Сырласу вальсі", "Жұлдызым", "Армандастар", "Жайықтан қайтқан тырналар", т.б. туындылары қазақ ән өнерінің алтын қорына енді.
 Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор  С.Бәйтерековтың   “Әлия”, “Күнге табыну”, “Дос туралы жыр”, “Түркістан” әндері музыка сүйер қауымның рухани азығына айналды.
Қанша уақыт өтсе де өз құндылығы мен маңызын жоғалтпайтын ретро әндерді сағынып қалған көрермендер орындаушыларды ерекше ықыласпен тыңдап, әсем әннің ырғағына қосылып, салтанатты кештің ажарын одан әрі аша түсті.

 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысьы Кентау қаласының Ә.Молдағұлова атындағы №19 мектепте Кентау қаласының  тумасы киноактер Шерхан Абилов мектеп оқушылармен кездесті. 
Санкт-Петербург қаласынан келген қаламгер, киноактер Ш.Абилов совет одағындағы және немістің оқ тесіп өткен каскасын алып келіп Ұлы Отан соғысында ерлік жасап қаза тапқан Ә.Молдағұлова атындағы мектепке тарту етті. Оқушыларды киноактер Шерхан Абиловпен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльвира Құттыбаева таныстырып, киноактердің өмір жолдары туралы айтып өтті. Туған жеріне әр келген сайын Ә.Молдағұлова атындағы мектепке міндетті түрде кіріп шығуды әдетке айналдырған киноактер оқушыларға басынан өткен қызықты оқиғалар жайлы әңгімелеп берді. Жүзден астам киноларға қатысып, түрлі тілдерді меңгеріп, 15 кітап жазып шығарған қаламгер өзінің атынан жазылған кітапты мектепке сыйға тарту етті. 
Сонымен қатар басқа да құнды жәдігерлерді қалалық мұражайға табыстағанын айтып, барып танысып көрулеріне болатындығын жеткізді. Ал, келесі жылы бұйыртса Ә.Молдағұлованың атынан бьюст ашып, бейнеролик әзірлеуді жоспарлап жүргендігін жеткізді. Мектеп оқушыларыда өз кезектерінде қаламгер киноактерға ел тәуелсіздігі бойынша, туған жер жөнінде мақал-мәтелдер мен жаттауларын айтып берді. 
Іс шарада Ш.Абилов қаламыздың ардагер ұстазы Дарпия Ақжігітоваға «Союзники победы» атты медальды табыс етті. Деніне саулық тілеген ардагер ұстаз қаламгерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Жиын соңында ұстаздар Ш.Абиловқа шапан жауып құрмет көрсетті. Оқушылар киноактермен естелік суретке түсті.

 

Бүгінде еліміз бойынша 962 этномәдени бірлестік жұмыс жүргізіп отырғанын атап өтті. Осының бәрі барлық азаматтар үшін Қазақстанның туған үйіндей болып саналатынын айғақтайды.  Біздің халқымыз татулық пен келісімнің бірегей саясатымен, достық негіздегі көршілестікке бейімдігімен, тұрақтылық пен тыныштыққа ұмтылысымен мақтана алады.
Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі зор. Осы жылдар ішінде ол елдегі этностарды жақындастырды, әрбір мәдениеттің озық үрдістерін паш етті. Бір қарағанда әр этностың дәстүрі бір-біріне ұқсамағанымен, олардың түпкі мәні бір. Бүгінде ұлысымыздың ұйытқысы атанған Оңтүстік өңірінде 100-ден астам түрлі этнос өкілдері өмір сүреді. Ал облыста 20 этномәдени бірлестігі жұмыс жасайды. Олардың аудандар мен қалаларда 51 филиалы мен 17 жастар қанаты, 11 жексенбілік мектептері бар.  Бүгін Шымкент қаласындағы «Қазына» этно-тарихи кешені аумағында өңірдегі түрлі этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенді мүшелері ағаш көшеттерін отырғызды.
Этнос өкілдері бұл бастаманы облыс әкімі, ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Жансейіт Түймебаевтың ұлысымыздың ұйытқысы Оңтүстікті жасыл желекке айналдыру туралы байыпты бастамасына қолдау білдіру деп айтады.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған игі шараға облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов, ОҚО ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы О.Рахманбердиев қатысты.
Шараға атсалысқан ассамблея мүшелері көшет отырғызған аймақты «Достық аллеясы» деп атау жөнінде ұсыныс білдірді.
Этностарды қоғамдық бастамаларға ұйыстыру, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту, патриотизмді дамыту, халқымыздың рухани-мәдени ортақтығы негiзiнде қоғамдық келiсiмдi қамтамасыз етуді мақсат еткен игі шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.