26Қыркүйек2017

Download Template for Joomla Full premium theme.

Deutschland online bookmaker http://artbetting.de/bet365/ 100% Bonus.

Online bookmaker bet365

Қазақстанның оңтүстік аймағы – жалпы еліміздегі өзге де аймақтар сияқты көптеген этностар мен диаспоралар тұратын өңір.
Қазақстанның оңтүстік аймағы географиялық орналасуы жағынан болсын, аумақтық-әкімшілік құрылымдық жағынан алсақ та, өндірістік- экономикалық шаруашылықты жүргізу сипаты жағынан да, саяси-әлеуметтік дамуы жағынан да, тұрғылықты халықтың қандық-рулық туыстығы мен аймақта қоныстану ыңғайы жағынан да бірыңғайлығымен ерекшеленетін, ежелден қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, қазақ тілінің ана тілі ретінде де, мемлекеттік тіл мәртебесінде де өркен жайған өңірі болып табылады.
Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңіріміздегі әзербайжан этносының өкілдерімен кездесті. 
Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-де өткен кездесуде облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Матлаб Магеррамов еліміздегі сындарлы мемлекеттік саясаттың арқасында барлық этностар тату-тәтті өмір сүріп жатқанын, төл мәдениеті мен тілдерін сақтап, дамытуға қолайлы жағдай жасалғанын айтып өтті. 
Өз кезегінде елші екі ел арасындағы достық, мәдени, іскерлік қарым-қатынастың нығайғанына тоқталды. Қазақстанда қоғамдық келісім мен бейбітшіліктің сақталуын, этностардың тең құқының қамтамасыз етілуін үлкен жетістік деп бағалады.
 

 

Бүгін күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкент қаласының 35748 әскери бөлімшесінің жаттығу алаңында жастарды ҚР Қарулы күштері қатарына салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Оңтүстік Қазақстан облысының 55 азаматы еліміздің құрлықтық әскер бөлімшелеріне қысқа мерзімді отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Аталған шараға өңір басшысы Жансейіт Түймебаев қатысып, ертеңгі сарбаздарға қырағылық пен сәттілік тіледі.
«Биылдың өзінде Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарында 2,5 мыңнан астам оңтүстік азаматтары бар. Әр адам отанын сүюді өзінен бастаса ғана нәтиже шығады, яғни еліміз дамып, жер көркейеді. Міне сол үшін де әр адам өз деңгейінде еліміздің өркендеп өсуіне, гүлденуіне, тыныш әрі бейбіт өмір сүруіне үлес қосатынына сенімдімін. Жас сарбаздарға елді қорғауда табыс тілеймін»,-деді облыс басшысы.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойының қарсаңында, жас буын отан алдында мемлекетіміздің тұтастығы мен тыныштығын және егемендігін сақтау үшін әскери борышын өтемек. Салтанатты шара барысында сарбаздар әскери көрнекі қойылым көрсетіп, арнайы киімдер мен техникалардың көрсетілімін ұйымдастырды. Ал, жаттығу кешенінде әскери-патриоттық клубтар мен үйірмелердің түлектері БМП-2,Т-2 құрлық әскерлері жауынгерлік техникаларының стимуляторында өз күштерін сынап көрді.
Естеріңізге салсақ, күзгі әскерге шақыру науқаны 1 қазаннан басталды. Жыл сайын Оңтүстік Қазақстан облысының жергілікті әскери басқармалары ҚР Қарулы күштеріне, басқа да әскер мен әскери құрамаларға 4 мыңнан  астам адамды отан алдындағы борышын өтеуге жібереді. Бұл еліміз бойынша ең жоғарғы көрсеткіш болып саналады. Ағымдағы жылдың 24 қазаны мен 19 қараша аралығында Шымкент қаласының орталық жинақтау бекетінен 500-дей әскери міндеттілерді ҚР Қорғаныс министрлігінің бөлімшелеріне шығарып салу жоспарланып отыр.

 
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты  арттырып, кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер жасау мақсатында қазақ-өзбек бірлескен бизнес конференциясы өтті.
Конференция жұмысына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Республикасының Өзбекстан мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі Ерік Өтембаев пен 70-ке жуық қос мемлекеттің кәсіпкерлері қатысты.
Бизнес кездесуде сөз алған өңір басшысы барша қатысушы қонақтарға алғысын білдіріп, бүгінгі жиын екіжақты қатынастарды дамытуда пайдалы алаң болатынына сенім білдірді. 
«Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі инвестициялық жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Біздің мемлекетте индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып, ол қазіргі уақытта облыс экономикасының дамуына септігін тигізіп келеді. Дамыған әлем елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, индустриалды аймақтар инвесторларды тартудың негізгі құралы болып табылады. Бүгінде облыстың қалалары мен аудандарында 11 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Өңдеуші өнеркәсіп бағытындағы жобаларды іске асырушы инвесторлар үшін біз аталған аймақтан жер учаскелерін бөліп беруге әзірміз. Сонымен қатар, осында өндірілген өнімді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен ҚХР-на экспорттауға мүмкіндік бар», -деді әкім.
Өз кезегінде, елші Ерік Өтембаев облыс басшысына Оңтүстікте қазақ-өзбек агро индустриалды аймағын салуды және Ташкент қаласымен ғана емес, Өзбекстанның барлық аймақтарымен де әріптестік байланыс орнатуды ұсынды.
«Екі жақтың климаты ұқсас болып келгендіктен мұнда көкөніс өсіру шаруасын дамытуға болады. Және қос ел арасындағы туризм саласын өркендету мақсатында Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртуымыз керек. Бұл бағытта қазіргі таңда тиісті жұмыстар мен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді елші.
Бұл ретте, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі «Самарқан – Шымкент – Түркістан» мен «Шардара – Жетісай – Жызақ»  бағыттарында жүретін автобустар қатынасының орнатылатынын мысал ретінде келтірді.
Сонымен қатар, мәртебелі мейман Оңтүстіктегі «Химфарм» АҚ өндірісі шығаратын дәрі-дәрмек көршілес өзбек елінде сұранысқа ие екенін айтып, бүгінде дәрі-дәрмек өнімдерін жүйелі түрде сатып алуға ниетті екенін жеткізді.
Қос тарапты кездесу барысында ОҚО кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев оңтүстіктің кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерімен таныстырды. Сонымен қатар, туризм бағытын дамыту жайын да баяндады.
Айта кетейік, 2015 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 1,67 млрд. АҚШ доллларына жеткен. Осы сынды кездесулердің нәтижесінде экспорт пен импорттың көлемін арттыру көзделіп отыр. Бүгінде Өзбекстан мемлекетінен көгілдір отын, мақта талшықтары, химиялық өнімдер, тыңайтқыштар мен көкөністер импортталады.
Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы кәсіпқой боксшы Қанат Исламды шақырып, жастармен кездесу ұйымдастырды – деп хабарлайды inform.kz. Ондағы мақсат - жастарды жарқын азаматтардың өмір жолына үңілдіріп, дұрыс бағытта тәрбиелеу. Кездесу ойлағандай өрбіді. Кәсіпқой боксшы, WBA тұжырымы бойынша Латын Америкасы аймағының чемпионы Қанат Ислам шынашақтай баланың шын батырға айналу құпиясын ашты. Исі қазаққа танымал кәсіпқой боксшыны жаңа ақпараттық-технологиялық даму заманының жастары жазбай таниды. Таяуда бар желі бүгінгінің хас батыры жайлы, оның ерлігі туралы лек-легімен жазған. Әлемдік аренада еліміздің көк туын желбіретіп, даңқын асқақтатып жүрген спортшыға жастар зор қошемет көрсетті. Жеңісімен құттықтады. Айта кету керек, Қанат Ислам 1984-ші жылы Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген. Әуесқой боксшы ретінде Қытай Халық Республикасы ұлттық құрамасы сапында Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, 2006 жылы Азия ойындарының және 2007 жылы Чикагода өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Қытайдың он дүркін чемпионы. Орта салмақта өнер көрсететін спортшы дүниежүзілік бокс қауымдастығы WBA рейтингінің топ 5-тігінің қатарында. «Ат айналып, қазығын табар». Ер елге, атажұртына оралды. Шаршы алаңда 22 жекпе-жек өткізіп, барлығында басым түсті. Оның он жетісінде қарсыласын нокаутпен жеңді. Жиын соңында қатысушылар кәсіпқой боксшыға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, спорттық карьерасына сәттілік тіледі. Оңттүстік жастары атынан даңқты спортшыға арнау айтып, бар қазақтың бағына туған баланың бәсі биік болуын тіледі.
Бүгін облыс әкімдігінде алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс жетінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат депуттары мен облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және аудан, қала әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде 7 мәселе қаралды. Атап айтқанда, алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысын сайлау, «2016-2018  жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, «Оңтүстік Қазақстан облысындағы адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу туралы және т.б. өзге де маңызды мәселелер қаралды.
Жиында алтыншы шақырылымдағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысына Қайрат Рахымұлы Балабиевтың кандидатурасы ұсынылып, депутаттар бір ауыздап қолдап, сайланды. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі өзге де мәселелерге халық қалаулылары бірауыздан дауыс беру арқылы шешім қабылдап, олардың орындалуын мақұлдады.
Қайрат Балабиев 1965 жылы туған. Ұзақ жылдар прокуратура саласында қызмет еткен Қайрат Рахымұлы әр жылдары Шымкент қаласының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары прокурорының орынбасары болған.
Сессияның күн тәртібінде сөз алған аймақ басшысы Ж.Түймебаев жаңа хатшыны қызметімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі. Сонымен бірге, осы уақытқа дейін облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарып келген Әбілқасым Досболовқа алғысын білдірді.
Кезектен тыс отырыста облыс әкімі бүгінгі облыстық бюджетті нақтылау нәтижесінде, бюджет көлемі 12,6 млрд. теңгеге ұлғайып, 472 млрд. теңгені құрағанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 млрд. теңгеге артқанын айтты. Бұл қаржының бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталатынын жеткізген өңір басшысы аталған жұмыстар қорытындысымен облыс көрсеткіші оңды нәтижеге жетеріне сенім білдірді.
«Білім беру мекемелеріне жан басына шаққандағы қаржыландыруға, балабақшаларда 13500 орынға мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастыруға және мұғалімдердің еңбек ақы шығындарына қосымша 7,3 млрд. теңге бағытталуда. «Өрлеу» жобасы арқылы аз қамтылған еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамтуға, 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 538 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылуда. Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін мемлекеттік қолдауға жалпы 6,2 млрд. теңге бағытталуда. 7 білім беру нысанның құрылысын жалғастыруға 725 млн. теңге қарастырылуда», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Аймақтың денсаулық сақтау саласын дамыту жайы да ұмыт қалған жоқ. Салаға қатысты 3 нысанның құрылысын аяқтауға және 1 нысанның құрылысын жалғастыруға 298 млн. теңге бағытталатын болды. 21 тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға қосымша 950 млн. теңге бөлінсе, сумен қамтамасыз ету үшін 3 нысанның құрылысына 1,3 млрд. теңге және 2 кәріз нысанының құрылысына 781 млн. теңге жұмсалмақ. Ал газбен қамтамасыз ету үшін 7 нысанның құрылысын жалғастыруға және 1 нысанның құрылысын бастауға 598 млн. теңге бағытталуда.
Сонымен бірге, аймақ басшысы электрмен, жылумен қамтамасыз ету жұмыстарына, кәсіпкерлік саласына да қаражат қаралып жатқанын хабарлады.
 
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен әкімдіктің кезекті мәжілісі өтті.
Күн тәртібінде мал шаруашылығын, мәдениет саласын, туризмді дамыту мәселелері мен перспективаларын, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру жайы мен коммуналдық меншіктің сақталуы және пайдалануын бақылау сынды 5 мәселе қаралды.
Жиында жоғарыда аталған бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков мал шаруашылығы бойынша соңғы екі жылда ірі қара мал саны 35 мыңға артып 865 мың басты құрағанын, қой-ешкі 155 мыңнан 3 млн. 893 мыңға өскенін, ал жылқы 16 мыңға артып 230 мыңға жеткенін айтты.
Сонымен қатар, ол мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті. Мәселен, ет өндіру  111,4%-ға, сүт өндіру – 104,8 %-ға, жұмыртқа өндіру – 112,1 %-ға, жүн өндіру 110,1 %-ға артқан.
Дегенмен, облыста мал саны мен өнімдері артқанымен келесі аудандарда төмен көрсеткіш байқалуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысымен ІҚМ саны Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт аудандарында, уақ мал Бәйдібек, Ордабасы, Созақ, Төлеби аудандарында, жылқы Бәйдібек, Түлкібас аудандарында, түйе Бәйдібек, Сарыағаш, Түлкібас аудандарында, құс саны Бәйдібек, Қазығұрт, Сайрам, Түлкібас аудандарында кеміген.
Осы жайттарды ескерген облыс әкімі жалпы мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі шаралар азайғанына тоқталды.
«Осы бағыттағы ең басты мақсат – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Табиғаты қолайлы өңір бола тұра, біз 25 жылда ішкі нарықты мал шаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз ете алмай келеміз. Бізде шығарылатын өнімдер бәсекеге кабілеті төмен, сондықтан басқа облыстарды былай қойғанда, біздің тұтынушылар шет елдің өнімдерін сатып алуға мәжбүр»,-деді Ж.Түймебаев.
Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытудың басты мәселесі - бұл ветеринариялық қауіпсіздік екенін айтқан әкім бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмей отырғандығына тоқталды.
Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда адамды кене шағу фактісі  40,4 пайызға өскен.  Бұл залалсыздандыру жұмыстарының  уақытылы жүрмеуінен болып отыр.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша мәдениет басқармасының 2017-2020 жылдарға арналған даму жоспары бойынша  басқарма басшысы Нұрболат Ахметжанов мәлімдеме жасады. 
Оның айтуынша, жыл басынан бері өңірдегі мәдениет және өнер мекемелерінде 23021 әртүрлі мәдени  іс-шаралар өткізілген. Ал, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған бірқатар жаңа іс-шаралар қолға алынған.
Сондай-ақ, ол Сарыағаш ауданында 5 ауылдық мәдениет үйі мен Шардара аудандық музейінің жаңа ғимараты пайдалануға берілгенін жеткізді.
Жасалған баяндамаға қанағаттанбаған облыс әкімі әрбір іс рухани тұрғыдан жасалу қажеттігіне тоқталды.
Сонымен қатар, Мәдениет басқармасы ұрпақтар сабақтастығы бойынша тәрбиелік мәні бар, дәстүрлі мәдениет пен әдет-ғұрыпты болашақ ұрпаққа жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілмей отырғандығын айтқан әкім қазіргі жастарға төл мәдениетімізді, дәстүрімізді жеткізу – біздің тарихы жауапкершілігіміз екенін атап өтті.
Оңтүстік Қазақстан облысының туризмі инфрақұрылымды дамыту, маркетинг, қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша 3 бағытта дамытылып отыр. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев баяндама жасады.
Осы бағыттарға сәйкес, ол ұзақ және қысқа мерзімді іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып келетінін айтқан ол аталған жұмыстарды  жандандыру мақсатында бірқатар ұсыныстарын жеткізді. 
Оңтүстік Қазақстан туристік аймаққа айналуы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын айтқан аймақ басшысы 5 миллион халқы бар Анкара қаласының аз уақыт ішінде жоғары деңгейде дамығанын үлгі етті. Сондай-ақ, ол аталған жұмыстар үшін олардың мемлекеттен қаржы алмағанын, оны кәсіпкерлері, сол жердің тұрғындары биліктің ұйымдастыруымен барлығы бірлесе отырып шешкенін жеткізді. 
«Біздің туристік өңірге айналуға толық мүмкіндіктеріміз бар, бірақ, өкінішке орай біз туристер келетін кластер жасай алмай отырмыз.Туристік орындарда қажетті қонақүйлер жоқ, туристер үшін жол бойында қажетті сервис жоқ. Туристер үшін жол көрсететін сілтемелер жоқ, интернет, мобильді байланыс сын көтермейді, көлік инфрақұрылымы нашар. Сондай-ақ, туристік орындардың санитарлық жағдайы төмен»,-  деді әкім.
Облыста 3 миллионға жуық халықтың 26,8 пайызын жастар құрайтынын ескерген жергілікті билік жастар мәселесін күн тәртібенен түсірген емес. 
Осы жылдың 10 айында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 35,5 пайызға,  жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейімен нашақорлықтың өскеніне тоқталған аймақ басшысы облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Болат Жанәбілге жастарды еңбекке баулу керектігін айтты.
Жиында сонымен қатар, коммуналдық меншігінің сақталуы мен пайдалануына бақылау бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде облыстық қаржы басқармасының басшысы Кеңесбек Мендебаев баяндады.
Мәжіліс соңында облыс әкімі Ж.Түймебаев тиісті басқару орган басшылары мен аудан, қала әкімдеріне коммуналдық мүліктің сақталуы мен тиімді пайдаланылуына бақылауды күшейтуді және мемлекеттік мүлікке немқұрайлы қараған әрбір басшыға заң аясында қатаң шара көруді тапсырды.
Сонымен бірге мұндай мәжіліс дүниенің ешбір мемлекетінде жоқ деген әкім, барлық жасалған баяндамаға көңілі толмағанын жеткізіп, баяндама жасаудың жаңаша бағытына көшуді, яғни нақты іс-шара жоспары жасалып, мәжіліс өткізудің тәртібін өзгерту қажеттігін міндеттеді.

 

Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы», «Жарнама туралы» Заңдары талаптарының орындау және Шымкент қаласындағы көрнекі ақпараттардың, жарнама мәтіндерінің тақырыптық маңыздылығы мен сауаттылығын, эстетикалық безендірілу деңгейін көтеру мақсатында «Сауатты жарнама – қала көркі» акциясы өтті.
Аталған шараны облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы, Шымкент қаласының әкімдігі, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе ұйымдастырды.
Алдымен акцияға қатысушылар кеңес өткізіп, алда атқарылар жұмыс жайын саралады. Облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қасым Ағабековтың айтуынша өңірімізде 1 облыстық, 15 аудандық, қалалық деңгейде насихат топтары жоспар аясында 145 түсіндіру іс-шараларын жүргізген.
Бүгінде облыстағы 8224 коммерциялық нысанның маңдайша, жарнама жазуларының 7709-ы заңға сәйкес жазылған. Заң талаптарына сай келмейтін 515 жарнама мәтіндерінің 232-сі реттелген. Ал, қалған 283 проблемалық нысандар бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Тіл жанашырлары мен шымкенттік белсенді жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан акция барысында «Шымкент әуежайы», «Шымкент» теміржол вокзалы, «Mega planet» сауда орталығы сынды бірқатар нысандарда түсіндіру шаралары жүргізілді.
 Акцияныңміндеті де осындай көрнекі ақпараттың тілін «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкестендіріп, мазмұнын ұлттық мағынада беру бағытында жүйелі жұмыстар атқару болып табылады.
«Өз мемлекетінің, өз тілінің ертеңін ойлайтын әр азамат атқарылып жатқан шаралардан тыс қалмайтынына сенімдіміз. Әр жеке кәсіпорын басшылары, кәсіпкерлер осы мәселеге түсінушілікпен қарап, өз нысандарындағы көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндеріндегі қателерді жөнге келтіреді деп сенеміз. 
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында тағы да айтулы шара болды. Тәуелсіздіктің 25-жылдығы қарсаңында қала тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Көптен бері шешімін таба алмай келе жатқан түйткілді мәселе бүгін оң нәтижеге қол жеткізуде. Ол «Нұр-Әсем» мал базарының ашылуы. Ашылуға арнайы барып лентасын қиған қала әкімі базар ұжымына табыс тіледі.
Базар басшылығы-жеке кәсіпкер Әбсәмат Мәткәрімұлы стандартқа сай соңғы үлгідегі, ашылған бұл орында екі жүз адамды жұмыспен қамтитынын тілге тиек етті. Түркістан қаласы және ауылдық округтердің негізгі күнкөріс саласы мал мен егін шаруашылығы екені белгілі. Жыл өткен сайын мал басының артуы көңіл қуантады. Соның ішінде ІҚМ басы 81994 бас 106,5%-ға, қой-ешкі 437577 бас 104,5%-ға, жылқы 9983бас 108,5%-ға, түйе 2742 бас 105,4%-ға артты, шошқа 1089 бас, 82,4% құраған.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында мал басын асылдандыру саласы да ілгері дамып келеді. Бүгінгі таңда ел экономикасының қозғаушы күшіне айналған шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп жатқаны белгілі. Соның ішінде жеке кәсіпкерлікті қолдау. Бүгінде әлемдік деңгейдегі «Даму концепсиясы» тұжырымдамасы жасалып жатыр. Онда өркениетті және дымыған қалалардың стандарттық талаптарға сәйкес келуі басты назарда. Сол үшін де тұжырымдамаға сәйкес қаламыз құрылымы, базарлар жүйесі бойынша жалпыға бірдей стандартқа сай болуы керек. Ескі мал базардың қала келбетіне және де санитарлық талаптарға сәйкес келмеуін ескеріп, кәсіпкерге ыңғайлы жер ұсынылған болатын. Осы заманауи үлгідегі жаңа мал базар халықтың игілігіне жарайтын болады.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Кітапханалық керуен – 25 ауылға» атты автокеруені Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданына ат басын бұрды. Облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова бастаған керуен Шілік ауыл округінде болды. Жаңа Шілік және Шілік елдімекендерінде кітапхана оқырмандарымен жүздескен аталмыш керуен тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары П.Жаппарқұлов құттықтау сөз сөйледі. Құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары «Кітап - адамзат баласын үнсіз тәрбиелейтін тәрбие құралы» деп атап өтіп, бағалы қазынамызға құрметпен қарап, осындай игі істер жалғасын таба беретіндігін жеткізді. 
Облыс орталығынан бастау алып, аудан тұрғындарына мың жылдық рухани азық бере білген керуен кітапхана оқырмандарының басқосуымен жалғасты. Басқосуда Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Қ.Төретай мен түркітанушы С.Сахабат мырзалармен жүздесу арқылы оқырмандар арасында сырлы сұхбат орнады. Ал, Қазақстанның Халық ақыны Әселхан Қалыбекова аудан тұрғындарына ұсынған «Мәңгілік Елдің - мәңгілік мұрасы» атты көшпелі кітап көрмесін «Көшпелі алтынға» балады. 
«Тәуелсіздік қолтаңбалары» атты естелік жазбаға арналған кітаптарға ақын Әселхан Қалыбекова алғашқылардың бірі болып өзіндік қолтаңбасы мен ақжарқын тілегін қалдырды. Жиын соңында Шілік ауыл округінде орналасқан ауылдық кітапханаларға облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасынан өңіріміздің шежірелі тарихынан сыр шертетін кітаптары сыйға тартты.
 
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт аудандық мәдениет сарайында «Домбыра - думан» атты кеш болып өтті. Кештің мақсаты: жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу, домбыра аспабын кәсіби шеберліктерінің өсуіне ықпал жасау, өнерпаздарға кең жол ашып, қолдау көрсету болып табылды. «Домбыра думан» - домбырашы жастар ән салып, күй шертіп, жиналған көпшілікке өнер көрсететін мәдени шара. Бұл іс шарада музыка мектебінен Мақсұт Шыршықбай, Әбдірашит Әміре, Атбұлақ ауылынан Ислам Мақсат, мәдениет сарайының әншілері Нұрхан Байтұрсынов, Сакен Шаумаровтар өз өнерлерін ортаға салды. Олар халық әні «Ой қарағай», Абайдың «Татьянаның хаты», Кенен Әзірбаевтың «Бастау» әндерін және Құрманғазының «Ақсақ құлан», Динаның «Наурыз», Қазанғаптың «18 жасар Балжан қыз», Т.Момбековтың «Ерке сылқым», «Салтанат» және т.б. күйлерін орындады. Іс шараға қатысушылар қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттау, әлем жұртшылығы домбыраны тану арқылы қазақтай өнерпаз елдің мәртебесі қашан да биік екенін ұғынсын. Ата-бабаларымыздан асыл мұра боп жеткен домбыра аспабы ұлттық брендке айналсын деген тілекпен іс шара өз мәресіне жетті. Шара соңында М.Тантабаева: «Ата-бабаларымыздан асыл мұра боп жеткен домбыра аспабы ұлттық брендке айналсын» деген тілекпен мерекелік кешті аяқтады.